ТЖМ сарапшылары ШҚО-дағы су қоймаларының жағдайымен танысты
Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері Шығыс Қазақстан облысындағы су қоймаларының ахуалымен танысты, деп хабарлайды 24kz.
Су басу қаупі бар аймақтарға көктен де, жерден де бақылау жүргізілді. Қарлы өлкеде су тасқынының алдын алу жоспары егжей-тегжейлі нақтыланды. Себебі қолданыстағы 130 гидроқұрылғының 89-ы тозып тұр. Сондықтан келер жылы іске қосылғанына 60 жылдан асқан Үйдене мен Қандысу бөгендеріне күрделі жөндеу жүргізілмек. Ондағы құрылғылар әбден ескірген. Соның салдарынан шлюздерден су босату деңгейі екі есе төмендеді.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:
- Көктемдегі болған тасқындардың қандай жағдай болды, соның бәрін есептеп, дайындықтарын қарадық. Инженерлік жағында, су жағында бәрін тазалап, дайындығы бар. Енді бүкіл облыстың осы барлық қызметтері осы жылды жақсы өткізді деп ойлаймыз. Осы жылдың дайындығы да жақсы. Сол үшін бірақ та оған да қарамай, қандай жағдай болатынын ешкім білмейді. Сол үшін дайындықтары дұрыс болуы керек деп бәрі бірігіп, өзіміз жиналып, бір жиналыс өткіздік. Барлық жағынан дайындығы бар.