Шымкентте балалар кітапханасының алды құрылыс алаңына айналды
Салдарынан 18 мыңнан астам оқырманы бар руханият ордасына кіріп-шығу қиындап, қазба жұмыстарынан адам өміріне қауіп төне бастаған, деп хабарлайды 24kz.
Көпқабатты үй иелері де іргелес жерден кәсіпкерлік нысанының тұрғызылуына қарсылық білдіріп отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Қоршауға алынған құрылыс алаңы Алдабек Манделдин атындағы көше бойында орналасқан. Іргелес үйдің иелері көпқабатты нысан тұрғызылса, күн көзін көлегейлеуі мүмкін деп алаңдайды. Арақашықтық сақталмағандықтан, өрт қауіпсіздік талаптары бұзылып, инженерлік-инфрақұрылымға да зақым келеді деп ашынады.
Ұлболсын Құлжанова, қала тұрғыны:
- Не салып жатыр, кім салып жатыр, ешнәрсе білмейміз. Алдымен жерді алу үшін тұрғындардан рұқсат керек. Үй деген көрінбей қалады. Жарық сәулесі түспейді. Үй астының бәрі шылқылдаған су болады жертөлесі. Өйткені күн түспегесін, асты құрғамайды.
Ал тұрғын үйдің бірінші қабаты отбасылық үлгідегі орталық кітапхана ретінде жаңғыртылған. Тарихы терең рухани орда 70 мыңнан астам кітап қорымен толыққан. Мұндағы әдіскерлер де оқырман қауіпсіздігін ойлап, мұң шағып отыр.
Әсем Қабылова, қалалық балалар кітапханасының әдіскері:
- Пандусты жауып тастаған. Балалы ата-аналар келсе, коляскамен өте алмай жатыр. Одан кейін біздің кітапхананың алды мүлдем жабылып қалды. Кітапхана бар екендігі белгісіз болып қалды.
Жергілікті жұрттың арызынан кейін құрылыс жұмыстары тоқтатылды. Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының өкілдері қазба жұмыстарының заңсыз жүргізілгенін анықтап, жерді қалпына келтіруге нұсқау берген. Алайда 7 жыл бұрын осы 3,5 соттық учаскенің мақсаты өзгертіліп, жекенің меншігіне берілгені белгілі болды. Қазір қаулының заңдылығына қатысты тексеріс жүргізіліп жатыр.
Жасұлан Мамырбеков, қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы:
- Жерді рұқсат құжаттарынсыз қазылғаны бойынша басқармамен тиісті әкімшілік шара көріліп, берілген жер телімінің заңдылығын тексеру бойынша біздің басқарма тарапынан арнайы хат дайындалды. Қазіргі таңда жер ресурстарын басқару департаментіне хат жолданды.
Сала мамандарының айтуынша, жердің мемлекетке қайтарылуы немесе меншік иесінде қалуы бойынша қандай шешім қабылданатыны алдағы уақыттың еншісінде. Ал оған дейін тұрғындардың талаптары тыңдалып, тағайындалған шешімдер зерделеуден өтеді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов