Шығыс Қазақстан облысы қар құрсауында қалды

Шығыс Қазақстанда екі күннен бері толассыз қар жауып, дүлей дауыл соғуда. Салдарынан бірнеше бағыттағы жолдар жабылды, деп хабарлайды 24kz.

Трассада қалған жолаушыларды құтқаруға және тазалық жұмыстарына резервтегі барлық техника жұмылдырылған. Қауіпке қарамастан, алыс жолға шыққан тұрғындар да бар.

Бекзат Аманов, тілші:

- Қолайсыз күн райы, толассыз қар шығыстағы ағайынды әуре-сарсаңға салуда. Бір ғана Риддер аумағында кеше 70 сантиметрге жететін қар жауды.

«Өскемен-Риддер», «Өскемен-Самара-Тарғын» трассаларында мамандар тәулік бойы кезекшілікте тұр. Себебі, көліктер кептеліп, қар құрсауынан өздігінше шыға алар емес. Жүргізушілер ескертуді ескермей, екпіні секундына 20 метрге дейін жететін боранда жолға шыққан.

Блиц 1:

- Қала маңындағы трассаларды тазалағаны көрініп тұр. Бірақ біз сапарды кейінгі шегереміз, басымды қауіпке тіккім келмейді.

Блиц 2:

- Біз кері бұрылып барамыз, мұндай ауа райында жолға шығудың қажеті жоқ.

Қар толассыз жауған соң резервтегі барлық техниканы шығаруға тура келді. Жергілікті билік жабылған жолдарды қатаң бақылауға алды. Бұл туралы облыс әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді.

Ермек Көшербаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

- Ереже бұзғандарды жауапқа тарту керек. Кей жүргізуші жабылған бағыттарды айналып өтіп, жолға шығуда. Осылайша, басын қауіпке тігіп, қар құрсауында қалып қойып жатыр.

Өңірдегі автожолдардың 256 шақырымы қарлы аймақта орналасқан. Оларды сапалы тазарту үшін тракторлар мен жеке құрылыс компанияларының техникасы тартылады. «Қазавтожол» өкілдерінің айтуынша, мердігерлермен шарт жасалды.

Алмас Қасенов, «Қазавтожол» ұлттық компаниясы ШҚО филиалы директорының орынбасары:

- «Қазсервис» күтіп ұстайды. 100 техникасы бар. Қазір келісімшартқа отырып қосымша 19 техника көмек көрсетіледі. Сонымен қатар ШҚО құрылыс мекемелерімен келісімшарттар енгізілді. Қардың жауатын мөлшері көп болған жағдайда жергілікті мекемелер техникамен көмектеседі.

Биыл өңірдегі жолдар 44 рет жабылған. Синоптиктердің болжамынша, алда қыс қатты болады. Сондықтан мамандар дайындықты күшейте бастады. Айта кетейік, мұндағы облыстық маңызы бар трассалардың ұзындығы бір жарым мың шақырымнан асады.

Авторлары: Бекзат Аманов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пухтин