Меркі ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмысын бастады
Жамбыл облысында алғаш болып Меркі ауданында «Белсенді ұзақ өмір» орталығы жұмысын бастады, деп хабарлайды 24kz.
Зейнеркерлерге арналған мекемеде қариялар спортпен шұғылданып, сүйікті ісімен айналыса алады. Сонымен қатар медициналық көмек те қарастырылған.
Меркілік зейнеткерлер қазір күнде осында. Бірі ән шырқаса, енді бірі шығармашылықпен айналысады. Спортты жанына серік еткендер де бар. Жасы 80-нен асқан Ақбөпе әже де бос уақытын орталықта өткізеді. Қазір қолөнерді қолға алған.
Ақбөпе Жазықбаева, зейнеткер:
- Мен мысалы үшін кимешек те тоқимын, мынандай өнерім де бар. Бірақ мынау жас мамандардан мен енді гобеленді үйренем, ши тоқуды үйренем. Біз үлкен болсақ та, ши тоқуды білмеппіз осы уақытқа дейін. Сол үйренеріміз де бар, үйретеріміз де бар.
Жаңа нысан 60 адамға арналған. Мұнда әлеуметтік сауықтыру, медициналық, психологиялық, педагогикалық және мәдени, еңбек пен тұрмыстық бағыттар бойынша 24 түрлі қызмет көрсетіледі. Қарялардың денсаулығы да басты назарда.
Қалдыбай Алмабаев, «Белсенді ұзақ өмір» орталығының директоры:
- Енді аты айтып тұрғандай, «Белсенді ұзақ өмір» дегеніміз, бұл – халықтың қарттарымыздың ұзақ өмір сүруіне ықпал ету. Бос уақыттарын дұрыс пайдалану, бір мезгіл қарттарымыздың көңілін бөлу, көңілін аулау мақсатында ашылған мекеме. 7 әлеуметтік бағыт бойынша қызмет көрсетіліп жатыр. Қарттарға көп-көп септігі тиіп жатыр.
Зейнеткерлер қоғамдық шарадан қалыс қалмайды. Аудандық іс-шараларда да өнер көрсетіп жүр. Ал өздері жасаған қолөнер бұйымдары облыстық көрмеге қойылған. Орталықтың тиімді жұмысының арқасында, мұнда келушілер саны күн санап артуда.
Дастан Дуанабаев, Меркі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Қабылдау мүмкіншілігі бір айда 60 адам. Қазір 60 адам емес, 180 адам жазылып қойған. Меркі ауылының ардегерлері емес тек, алыс-алыс ауыл бар Племзавод, Татия дейміз, Андас ауылынан осы жерден 40-50 шақырым жерден келіп, денсаулықтарын түзеп жатыр.
Мекеме қызметін жетілдіру үшін мамандар облыс орталығынан арнайы оқудан өтуде. Асыл қариялардың дендері сау, көңілдері сергек болуы үшін өзге аудандардан да осындай орталық ашу жоспарда бар. Жалпы Жамбыл облысында 131 мыңға жуық қария бар. Оның ішінде 15 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, 2 мыңы тыл еңбеккері.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә