Шиелі ауданында Оқушылар үйінің ғимараты жоқ
Шиеліде Оқушылар үйі бар, бірақ өз ғимараты жоқ.
Балалар өнер үйреніп, білім шыңдау үшін «Салтанат сарайындағы» санаулы бөлмеге сыймай, қиналып жүр. «Өнер мектебі» өрендерінің де қазіргі жағдайы осындай.
Шиелідегі оқушылар үйі «Салтанат сарайы» ғимаратының бір бөлігіне орналасқан. Мұнда мыңнан астам оқушы өнер-білім үйренеді. «Бірақ 25 үйірмеге небәрі 8 кабинет жабдықталған», – дейді ұстаздар.
Ғалымжан Смат, Шиелі аудандық Оқушылар үйінің әдіскері:
- Бізге өз алдына ғимарат керек негізі. Кабинеттер саны бізге аздық етеді. Бала жақсы жерге, жақсы ғимаратқа қалайды ғой. Бәрі жақсы құралдармен қамтамасыз етіліп тұрса, балалардың да қызығушылығы жақсы болады деп ойлаймын.
Аудандағы «Өнер мектебінің» оқушылары да бұрынғы жеке ойын-сауық ғимаратында білім алып жүр. Сынып бөлмелері өте тар. Мектеп басшысының айтуынша, жыл сайын бала саны артып келеді.
Нариман Мизамбаев, Шиелі аудандық Өнер мектебінің директоры:
- Арнайы би сыныбы, концерт залдары болса деген ойымыз бар. Салынған ғимаратта солай болады деп ойлаймыз.
Мәселенің шешімін жауапты мамандардан сұрадық. Олардың айтуынша, 200 орынды «Оқушылар үйі» мен 50 орынды «Өнер мектебіне» арналған бір ғимарат салу жоспарланып отыр. Былтыр бұл нысанның жобалық-сметалық құжаты дайындалған.
Аман Дана, Шиелі аудандық Құрылыс, сәулет бөлімінің басшысы:
- Білім бөілімінің сұранысы бойынша халықтың сұранысы бойынша дайындалған жоба. Жері жақсы орталықтан бөлінген. Жаңа типтік үлгіде оқушыларға барынша ыңғайлы етіп жасалынған. Ол жерде түрлі үйірмелер бар. Қазір облыстық құрылыс басқармасына өткізілді. Қаржы мәселесі шешіліп, бөлініп жатса, осы алдағы жылдары құрылыс жұмыстары басталады.
Айта кетейік, биыл ауданда бірқатар ескі әлеуметтік нысан қайта салынып жатыр. 5 дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі мен спорт кешенінің құрылысы жүруде.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Алиев