Елде балабақша тапшы
Біздің елде де балабақша мәселесі жетерлік.
Әсіресе орын тапшы. Биыл 48 мың орындық 441 мектепке дейінгі ұйым ашылған. Бірақ мұның өзі сұранысты толыққанды қамтамасыз етуге қауқарсыз. Жауаптылар жыл соңына дейін тағы 30 мың орындық орталықты ел игілігіне беруге ниетті.
2021 жыл. Қазақ даласында 450 мыңға жуық перзент дүниеге келді. Бұл - тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш. Сол себепті кейінгі жылдары бала-бақшаға сұраныс артты. Қазір 200 мыңнан астам бүлдіршін мектепке дейінгі ұйымдарға баруға кезекте тұр. Жауаптылар түйткүлдің түйінін тарқату үшін тәрбие орталықтарының санын арттыруға ниетті.
Бағым Көптілеуова, ҚР ОАМ Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басқарма басшысы:
- 2024 жылы 77 мыңға жуық орын ашылу керек деп жоспарланған. Қазіргі таңда жыл басынан бастап 441 МДҰ іске қосылды. 48 мың орынға арналған. Ал жылдың соңына дейін 30 мыңға жуық жаңа орталық ашу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ салада маман тапшылығы да бар. Қазір тәрбие орталықтарына 7 мыңнан астам кадр қажет. Дегенмен, кейінгі 3 жылда бұл көрсеткіш 2 есеге азайған. Бүгінгі таңда бас-аяғы 101 мыңнан астам маман мектепке дейінгі ұйымдарда қызмет етеді.
Бағым Көптілеуова, ҚР ОАМ Мектепке дейінгі білім беру департаментінің басқарма басшысы:
- Мектепке дейінгі тәрбиемен оқыту мамандығы бойынша педагогтерді даярлау қазіргі таңда 119 колледжде жүзеге асырылады. Оның ішінде 37 мемлекеттік ТКББ ұйымдары бар. Сонымен қатар педагогтерді дайындайтын 39 ЖОО мектепке дейінгі ұйымдар үшін педагогтер дайындалып шығады жыл сайын.
Сондай-ақ санмен қатар сапа да басты назарда. Тәрбие орталықтарындағы ахуалды білмекке Астана қалалық №1 бәйтерек балабақшасына бас сұқтық. Мұнда ерекше қолдауды қажет ететін бүлдіршіндер де тәрбиеленуде. «Жалпыға бірдей жайлы жағдай жасау біздің басты ұстанымыз», – дейді орталық меңгерушісі.
Гүлнар Бектұрғанова, Астана қалалық №1 «Бәйтерек» балабақшасының меңгерушісі:
- Біздің балабақшаның қуаттылығы 349 бала. Біздің балабақшада 13 топ, соның ішінде 1 ерекше тобымыз бар. Құлақтары естімейтін, төмен еститін балаларға арналған, ерекше топ бар. Біздің бір ерекшелігіміз біздің балабақшада инклюзивті жұмыс атқарып жатыр. Бізде санына қарасақ, 30 ерекше бала.
Балабақша тапшылығын жоюда жеке сектордың үлесі басым. Мәселен, елде 11 мыңнан астам мектепке дейінгі ұйым болса, оның 60 пайызы жекеменшік.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Ақылбек Есімсейтов