Махамбет ауданында 15 ауылдың су тазарту қондырғысы жаңартылады

Атырау облысы, Махамбет ауданының ауылдарында су тазарту қондырғылары жаңартылып жатыр.

Тәулігіне 600 текше метр су тазалайтын қондырғының бірі Жалғансай ауылына орнатылды. Қондырғы 2 ауылды ауызсумен толық қамтиды. Атырау облысындағы елді мекендердің әлеуметтік мәселелерін шешуге арналған жоба 2022 жылдан бері жүзеге асуда. Нәтижесінде биылғы жылдың аяғына дейін 15 ауылға жаңа су тазарту кешені орнатылады.

Жалғансай ауылындағы су тазарту кешенінің іске қосылғанына көп болған жоқ. Осы заманғы озық технологияға негізделген станса тәулігіне қажеттілікке қарай 600 текше метр суды тазарта алады. Ол 2 ауылға толықтай жетіп тұр. Қайта жарақтандырылу жобасы бойынша бұрынғы 8 су сүзгісіне қосымша 4-уі орнатылды. "Сондай-ақ мұнда жүйе толықтай автоматтандырылған",- дейді кешен операторы Қуаныш Меңдіғалиев.

Қуаныш Меңдіғалиев, Су тазарту кешенінің операторы:

- Бұрынғыға қарағанда едеуір жақсы. Бұрын қолмен қосып, айырып жүрдік. Қазір автоматтандырылған. Қалай құдықта су азаяды, өзі автоматты түрде толтырады. Екі ауылға су беріп отырмыз.

Облыс елдімекендерін таза ауыз сумен қамту жобасы 2022 жылы басталды.   Нәтижесінде Махамбет ауданында 12 су тазарту қондырғысы орнатылды. Осылайша, жалпы құны 5 млрд 62 млн теңгені құрайтын жоба жемісін бере бастады.

Асхат Аймұратов, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары:

- Қайта жаңғырту кезінде резервуарлардың көлемі үлкейтіліп және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, жаңадан ауыстырылды. Қазіргі  таңда 12 су тазарту қондырғысының төртеуінен үздіксіз су беріліп жатыр.    

Тағы бір айта кететін жайт, қондырғыны орнатқан мердігер мекеме 5 жылға кепілдік береді. Осы уақыт ішінде  ақау шықса, олар су тазарту кешенін тегін жөндеуге міндетті. Соңғы 8-9 жыл бойы жөндеу көрмеген бұрынғы су тазарту бекеттерінің тозығы жеткені соншалық, ауылдарға ауыз су сағатпен берілетін. Енді облыстағы барлық ауылдар біртіндеп таза сапалы ауыз жүйесіне қосылатын болады.

 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин