Ақтау тұрғыны зағип балаларға арнап оқулық жазады
Ақтаулық Саида Құсайынова браиль жүйесімен балаларға арналған ертегілер мен оқулықтар жазады, деп хабарлайды 24kz.
Зағип әйел 10 шағын кітапша дайындаған. Тең жартысы – халық ертегілері. Кей шығармалары туабітті көру қабілетінен айырылған әлемге танымал адамдардың өмірбаяны туралы сыр шертеді.
Саида орыс тілінде жазылған шығармаларды қазақ және ағылшын тілдеріне аударады. Одан соң брайль жүйесіне көшіреді. Жазушы қазір әмбебап кітапхананың арнаулы бөлімінде еңбек етеді. Әлеуметтік қызметкер ретінде мүгедек балаларға қосымша сабақ жүргізеді. Өзінің айтуынша, оқушылар кітапша парақтарын сипау арқылы сөйлем мазмұнын түсінеді әрі қол моторикасы дамиды. Жалпы кітапханадағы инклюзивті оқу кабинетіне 500-ден астам мүгедек тіркелген.
Саида Құсайынова, әлеуметтік қызметкер:
- 3 жыл бұрын біз көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған мектеппен байланысты бастадық. Сол кезде маған ой келді. Балалар: «Қазақша оқығымыз келеді, мәлімет аз» дегесін мен интернеттен алып орысшадан қазақшаға аударып, сосын оны брайль ретінде көшірдім. Оның ішінде бедерлі-нүктемен салынған суреттер бар. Мысалы, бізде Африка жануарлары деген бар. Соның ішінде мысалы Африка маймылы туралы ақпарат, сосын келесі бетінде маймылдық суреті тұрады. Қолмен ұстап, қарауға болады.