Жамбыл облысында интернеттегі алаяқтық 30% көбейді
Жамбыл облысында интернеттегі алаяқтық былтырға қарағанда 30% көбейген. Зиян шеккендердің дені егде жастағылар, деп хабарлайды 24kz.
Құзырлы орган өкілдері осындай құқық бұзуышылықпен күресу үшін Telegram бот әзірледі. Оның қылмыстың алдын алуда көмегі қандай?
Мерей Бает, тілші:
- Шолпан Көпбосынова 4 жыл бұрын алаяқтардың арбауына түскен. Телефонына әлдебіреулер биткойннан ақша табуға болады деген хабарлама жіберген. Салған қаржы 3-4 айда 10 есе көбейеді деп көрсетілген. Содан 450 мың теңгесін арнайы жасалған сайтқа аударған. Көп ұзамай ол жүйе істен шығады. Бірақ алаяқтар: «Қаржыңыз өсіп жатыр» деп салымшыларды алдап отырған.
Шолпан Көпбосынова, қала тұрғыны:
- Бір ай ішінде 3-4 мәрте жиналыс болды. 31 желтоқсан күні жабылып қалды кабинеттері ме. Ештеңе ашылмай, елдердің барлығы шу ете қалды. Оны кез-келген кезде алуға болады деді. Тек қазір алудың қажеті жоқ, себебі биткоин көтеріліп болмады. «Оның потенциалы әлі алда, сабырлық сақтаңдар күтіңдер», - дегеннен кейін біз отыра бердік.
Интернеттегі қылмыскерлер Халима Оразбаеваны да сан соқтырды. Ол онлайн дүкеннен дәрі-дәрмек алған. Артынша әлдебіреулер: «Сол компанияның қызметкеріміз», - деп зейнеткерге қоңырау шалған. «Ұтыс ойынына қатысасыз, алтын билет иегерісіз», - деп арбаған. Талабы бойынша 3 кезеңге қатысып, әрқайсысына 150 мың теңге жіберу қажет. «Соңында 100% автокөлік ұтасыз», - деп арандатқан.
Халима Оразбаева, қала тұрғыны:
- Ойынға қатысасыз деді. Бірінші кезең, екінші, үшінші кезең. Сөйтіп, жаңағыдай заттай аласыз деді. Ақпан айының 21-інде маған: «Депозитке ақша саласыз» деді. «Алатын машинаға ақша құясыз», деді. 1 миллиондай. «Машинаны алсаңыз да, сатып жіберсеңіз де болады», деді. «Бірақ депозитке құйған ақшаңыз қайтарылады», деді.
Қазір екі іс бойынша күдіктілер ұсталып, салымшылар қаржысы қайтарылып жатыр. Прокуратура өкілдерінің сөзінше, былтыр аймақта 160 адам интернет арқылы алданса, биыл 223 тұрғын ақшасынан айырылған. Сондықтан күдікті адамдар хабарласса, бірден құқық қорғаушылармен байланысқан дұрыс. Аймақта интернет қылмыстың алдын алу үшін «Cyber Shekteu Taraz» жобасы іске қосылды.
Берік Төлеуов, облыс прокурорының көмекшісі:
- Бұл Telegram тәулік бойы жұмыс жасайды. Telegram ботқа облыс тұрғындары хабарламалар берген жағдайда хабарламалар тексеріліп, оларды бұғаттауға шаралары көрілетін болады.
Тұрғындар телеграм ботқа интернет желісіндегі күдікті сілтемелерді, телефон нөмірлер мен әлеуметтік желідегі хабарламаларды жібере алады. Бұл деректер бірден «Кибернадзор» жүйесіне енгізіліп, басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталады. Қазір желіге 48 хабарлама келіп, оның 10-ы бұғатталды.
Авторлары: Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә