Мәжіліс депутаты: Мүмкіндігі шектеулі балаларға қолайлы жағдай жасау керек
Бүгін – халықаралық зағиптар күні. Елімізде көру қабілеті нашар жандардың емін-еркін тіршілік етіп, жүріп-тұруында түйткіл көп.
Әсіресе, әлеуметтік портал арқылы берілетін сурдо-тифло-құралдардың сапасы сын көтермейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейітжан айтты. Бұған дейінгі Мәжіліс отырысында ол мүмкіндігі шектеулі балаларға, оның ішінде тумасынан зағип жандарға қолайлы жағдай жасау керектігін айтқан еді. Бұл ретте құзырлы органдардың әзірлеген жоспары қандай?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Балабақшалар мен мектептерде мүгедектігі бар балаларға инклюзивті білім беру аса маңызды. Осыған байланысты сапалы тифло-құралдар керек. Қымбат техниканы сатып алуға ата-аналардың қалтасы көтермейді. Әсіресе, ауылдық жерлерде жағдай күрделі. Алдыңғы Мәжіліс отырысында депутат Кенжеғұл Сейітжан Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа осындай сұрағын жолдады.
Кенжеғұл Сейітжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қандай өзгерістер бар заңда балабақшаларға байланысты. Қалай оқытылады мүгедектігі бар балалар? Екінші, мүгедектігі бар балалар оқитын мектептер мен колледждер қандай технологиямен жабдықталады? Осыған байланысты заңда нақты көрсетілген бе бұл міндет?
Ғани Бейсембаев, ҚР Оқу-ағарту министрі:
-Бұл бағытта Сенатта да қарастырылған болатын. Сол жерде де 2002 жылы мүгедектігі бар балаларға қатысты заңды қайта қарау туралы ұсыныс берілді. Сол заңның шеңберінде осы мәселелерді қарастыру толық көзделіп отыр. Көп мәселе Әлеуметтік кодекс шеңберінде енгізілгенін жақсы білесіз. Олардың барлығы сол кодекс арқылы реттеліп отырғандығы бар.
Министрдің айтуынша, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқу-әдістемелік құралмен қамту мәселесі қолға алынып жатыр. Бұл бағытта ғылыми негіз беру үшін Оқу-ағарту министрлігі Алматыда орналасқан құзырлы мекемесін Астанаға көшіруді жоспарлап отыр. Өкінішке қарай, брайль қарпінің көмегімен ақпарат алуға арналған трафарет еліміздің барлық кітапханасында бар дей алмаймыз. Аялдамаларда таяп қалған автобустың номерін жариялайтын дауыстық хабарландыру жоқ. Тағы қоғамдық орындар мен сауда орталықтарында тактильді жолақ және пандус жетіспейді. «Қазақ зағиптар қоғамының» төрағасы Ерғали Бұхаров айтқан негізгі мәселелер осындай.
Ерғали Бұхаров, «Қазақ зағиптар қоғамы» ҚБ төрағасы:
- Ауруханаларда зағип жандарға арналған бөлек кезек немесе арнайы күн белгілеу керек. Әрине, емханаға адам еріккеннен бармайды. Бәрі де қысқа уақыт ішінде қызмет алуға асығады. Дегенмен, мүмкіндігі шектеулі жандарды ең болмағанда 2-3 адамнан кейін өткізу қағидатын енгізсе игі.
Ерғали Бұхаровтың айтуынша, жергілікті инватакси қызметіне шағым жоқ. Алайда өзге қалалардан келген зағип жандарға бұл қызметті алу үшін біршама уақыт күтуге тура келеді. Өйткені көліктердің жұмыс істеу кестесі тығыз. Бүгінде Қазақ зағиптар қоғамында республика бойынша 11 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде 500-ге жуығы елорда тұрғындары.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Мадияр Қындыбаев