Ақтөбеде қираған көліктердің шеруі өтті
Өңірде «Жол қозғалысы қауіпсіздігі» апталығы басталды, деп хабарлайды 24KZ. Полицейлер жүргізушілерге апатқа түскен сау-тамтығы қалмаған темір тұлпарларды көрсетіп, жол ережесін сақтаудың маңызын тағы да еске салды.
Полицейлердің жедел тобы түсірген бұл суреттегі жол апаты Хромтау ауданында болған. Жүйткіген көлік жолда кесе көлденең тұрған ауыр жүк көлігіне соқтығысып, өртеніп кеткен. Қайғылы оқиға салдарынан Любовь Бородина екі баласынан айырылып қалды. Олардан бөлек, тағы екі жолаушы көз жұмды.
Любовь Бородина, қала тұрғыны:
- Көлік отқа оранып, үш адам сол жерде мерт болды. Қызымды адамдар алып шыққанымен, 3 күн бойы жансақтау бөлімінде жатты. Қызым 18 жаста еді. Жүргізушілерге жылдамдықты асырмай жүріңдерші деп өтінемін. Асықпаңыздар. Рульде болған ұлымның еш кінәсі жоқ. Бірақ одан не шара? Балалары жетім, жақындары қара жамылды.
Жыл басынан бері облыс аумағында мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркелді. 137 адам қаза тапса, 1393 адам түрлі дене жарақатын алды. «Жол апатының негізгі себептері – жылдамдықты шамадан тыс асыру және қозғалыс бағытының қарсы бетіне шығу», – дейді полицейлер.
Айдос Құлжанов, ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:
- Жол-көлік оқиғаларының көптен көп шоғырланған жері ол халықаралық және республикалық маңызы бар автожолдарда орын алып отыр. Оның ішінде алар болсақ, халықаралық маңыздағы «Самара-Шымкент» тасжолында көптен-көп кездесті. Осы халықаралық маңыздағы жолдарда жыл басынан 70 адамның қаза болуымен жол-көлік оқиғалары болды.
Бүгінгі шеру Дүниежүзілік көлік апаты құрбандарын еске алу күніне орай ұйымдастырылды. Полицейлер қираған техниканы қаланың орталық даңғылымен алып өтіп, жол ережесіне салғырт қарайтын жүгенсіз жүргізушілерге сабақ болар деген үмітте.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.