Таразда көне қамалдың құрылысы тоқтап тұр

Таразда құрылысы былтыр аяқталуы тиіс көне қамал әлі пайдалануға берілген жоқ, деп хабарлайды 24KZ. Қарахан дәуірінің үлгісінде салынып жатқан тарихи-туристік нысанға қала бюджетінен 700 миллионға жуық теңге бөлінген. Бірақ тендерді ұтқан мердігер қаржының мардымсыз екенін айтып, нысан құрылысын кешіктіріп жатыр.

Дегенмен әкімдік қосымша қаражат беруге келіспей, мердігерді сотқа берген. Қазір сот компанияны жосықсыз деп танып, қамал құрылысын 16 желтоқсанға дейін аяқтауды міндеттеді.

Жалпы екі гектар жерге жоспарланған көне бекініс амфитеатр және қолөнершілер орталығы ретінде қызмет көрсетеді.

Нұрсұлтан Исабеков, қала әкімінің орынбасары:

- 2020 жылы сараптама қорытындысы өткен. Ол кезде 675 млн теңгені құрады. Сол бөлінген құны негізінде құрылыс жұмыстарын аяқтауға тиіс болатын. Сот шешімі негізінде осы жылдың соңына дейін аяқтап беруге міндеттелген. Нысанның қазіргі таңда 90% жұмыстары атқарылып, 16 желтоқсанға ашылу жоспарланып отыр.