Ақтауда су кесте бойынша беріліп жатыр

Ақтау тұрғындары су қысымының төмендігіне наразы.

Қаланың жоғары бөлігінде орналасқан жиырмадан астам шағын ауданда жағдай осындай.  

Оларға су орталық тораптан белгіленген кесте бойынша беріледі. Ал сұранысты толық өтеу үшін күніне 20 мың текше метр су керек. Бірақ су торабынан сол көлемнің жартысы ғана келеді.

Міне мұздай су да жоқ. Ыссы суымыз да жоқ. Күндегісі осы міне. Ыдыстардың бәрін осылай су құйып, жууға мәжбүрміз. 

Маржан Көнеева 20-шағын ауданда тұрады. Үй іргесінде құбыр жарылғандықтан ыстық су жиі тоқтап қалады. Оған қоса ауызсу мәселесі күннен күнге қиындап барады дейді. Тұрғын үй кешенінде тіршілік нәрі жаз мезгілінде де тапшы болған. Ал қазір тұтынатын су болмаған соң, дүкеннен алуға мәжбүр. 

Маржан Көнеева, қала тұрғыны:

- Маусым айында көшіп келдім осы жаңадан салынған тұрғы үйге. Келгелі біздегі мәселе - су мәселесі болды. Күндіз ешқандай су берілмейді. Берілсе, тек кешкі 7-ден бастап келеді. Жетіден 11-ге дейін келеді, төрт сағат. Содан кейін айырып тастайды. Кішкентай балаларым бар, өте қиын болды.

- Келесі шағын ауданға тіршілік нәрін су тасығыш машина тасымалдайды.

№ 32В ықшам ауданында ауызсу бірнеше тәуліктен бері жоқ. Коммуналдық кәсіпорын су таситын көлік бөлген. Қолға құты ұстап, көшеге шығатындардың дені егде жастағылар.

Мұхаметжан Жұмабаев, қала тұрғыны:

- Сағат түнде 11-12 лерде жүреді. Жүрмесе тоқтап қалады. Таңертең сағат 8-9 да су жоқ. Су тасу қиын бізге. Туалет ішінде, өте қиын жағдай бізде. 

Күләш Оразбаева, қала тұрғыны: 

- Өткенде осындай мәселеге біздер жиналғанбыз. Әкімдіктен келді, твс-тен келді. Әр жерден келген өздерінің адамдары. Сонда айтқаны октябрь айынан бастап сізде ешқандай қиыншылық болмайды. Бәрі жақсы болады деп еді. Соны біз күтіп едік, үмітіміз ақталмады. Міне ноябрь айының ортасы болып жатыр. Әлі сол мәселе.

Жиырмадан астам шағын ауданды тіршілік нәрімен қамту үшін күніне 20 мың текше метр су керек. Орталық су жіберу торабынан келіп тұрғаны 10 мың текше метрден аспайды. Жауапты мамандар резервуарлардағы судың деңгейін түсіріп алмау үшін қысымды төмендетуге мәжбүр болған. 

Бердібек Қартбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

- «Каспий» су тұшыту зауытының қуатын 40 мың текше метрге көтеру жобасы жүзеге асуда. Ол қазіргі таңда аяқталу сатысында. Осы айдың жиырмасына дейін қосымша 5 мың текше метр су беруге мүмкіндік туындайды. Одан кейін аталған зауыттың қуаттылығын қосымша тағы да 5 мың, тағы 5 мың тәулігіне қосымша 15 мың текше метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.

Энергетикалық комбинат пен екі су тұшыту зауыты қалаға күніне 50-55 мың текше метр су береді. Бір тұщыту зауытының қуатын күшейту жұмыстары биыл аяқталса, мәселе шешімін табуы тиіс. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев