Риддерде жекеменшік тұрғын үй секторы үш күн бойы сусыз отыр
Риддер қаласында да жекеменшік тұрғын үй секторы үш күн бойы сусыз отыр, деп хабарлайды 24kz.
Ауа райының әсерінен екі мыңдай үйде су жүйесінен ақау шыққан. Күннің күрт суытуынан Хариузов гидроэлектр станциясында мұз қатып қалған. Қазір оны еріту жұмыстары жүріп жатыр. Соның салдарынан қаланы жерасты су жүйесіне қосуға тура келді. Бірақ ол мәселені қаншалықты шешеді?
Риддер қаласының коммуналдық жүйесі алғашқы аязға төтеп бере алмады. Өңірде әуелі қар жауып, кейін ауа температурасының 7 градусқа төмендеп кетуінен Хариузов гидроэлектр станциясының бассейнінде мұз кептелісі пайда болды. Салдарынан қаланың бір бөлігіндегі екі мыңдай үй сусыз қалды.
Қыс мезгілінде ара-тұра болып тұратын оқыс жағдайларға Риддер тұрғындарының еті үйренген. Олар ауызсуды көшедегі колонкалардан тасиды.
Сергей Ковалев, қала тұрғыны:
- Суға кезек Киров көшесіне дейін болды. Кеше қаладан келе жатқанда кезекте тұрғандарды көрдім. Әдетте мұндай жағдай қайталанып тұрады.
Коммуналдық апат бұл өңірде жыл сайын қайталанады. 2023 жылы Громотуха шатқалында қар көшкіні болды. Енді міне, аязға байланысты мұз кептелісі пайда болды. Сумен қамтудың күрделі жүйесін қалпына келтіру үшін көп жұмысты қолмен атқаруға тура келеді. Туындаған жағдай адам қолымен жасалуы мүмкін бе? Мұны қалалық коммуналдық қызмет жоққа шығарды.
Рауан Құрметұлы, қалалық ТКШ, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Бұл – ауа райының әсерінен туындаған табиғи құбылыс. Қардың көп түсуі мен температураның күрт төмендеуінен кейін қою масса пайда болып, кептеліс тудырды.
Қаланы сумен қамтуда резервтегі жерасты тоғанының көмегі көп. Бірақ оның қуаттылығы бәріне бірдей жетпейді. Қысымның төмендігінен шағын аудандар мен жекеменшік сектор сусыз отыр. Жергілікті тұрғындар: «Апаттың алдын алу үшін су құбырларын жаңғырту маңызды», - дейді.
Елена Агешкина, қала тұрғыны:
- Мен тозығы жеткен желілерді ауыстыру керек деп айтамын. Бұған ешкімді кінәлауға болмайды. Өйткені құбырлар кез келген уақытта жарылуы мүмкін.
Риддер қаласында су құбырларының желісі 200 шақырымға созылып жатыр. Төрт жыл бұрын тек 40-50% -і жаңартылыпты. Бүгінгі таңда қаланың инфрақұрылымы күрделі жаңғыртуды қажет етеді.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин