Қызылорда облысында тасқынның алдын алу мақсатында арнайы комиссия құрылды

Қызылорда облысында су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы комиссия құрылды, деп хабарлайды 24kz.

Жұмыс тобы қорғаныс бөгеттерінің жағдайын бағамдап, қауіпті учаскелерді анықтауға кірісті. Осыған байланысты ағын суға шыдас бермеуі мүмкін 3 нысан қалпына келтіріле бастады. Бұған 130 млн теңге бөлінді. Мамандар қыста Сырдария өзенімен мол су өтуі мүмкін деген болжам жасап отыр. Қазір дария арнасына секундына 400 текше метр су құйылып жатыр. Ал Шиелі ауданындағы Жөлек – Жуантөбе тасжолының өзен жақ бетіне 800 метр қорғаныс бөгеті салынды. Осылайша, бір ауылға, 18 шаруа қожалығына және 6 шақырым жол бөлігіне төнген қауіп толық жойылды.

Мейірбек Жолдасбеков, Жөлек ауылдық округінің әкімі:

- Бөгет болмаса, осы жолды жағалап, Жуантөбе елді мекеніне дейін барады. Ол Жуантөбе елді мекеніндегі халыққа қауіп төнеді ол кезде. Кезінде осы жолдың бұзылу қаупіне дейін барды. Жолды шайып кетуге дейін сондай жағдай болды. Сол екінші рет қайталанбас үшін сондайдың алдын алу мақсатында осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр.