Ақтөбеде жаяу жүргіншілер жолы қар үстіне төселіп жатыр
Өңірге қыс келгенімен, облыс орталығында жол салу жұмыстары аяқталмаған, деп хабарлайды 24kz.
Мердігерлер жапалақтап жауған қармен жарыса көшелерге тас төсеп әлек. Тұрғындар беймезгіл уақытта салынған жолдың сапасына күмән келтіруде.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Жаяу жүргіншілер жолы облыстық әкімдік ғимараты маңындағы Пацаев көшесінде салынып жатыр. Түнімен жауған қар тобыққа жеткеніне қарамастан жұмысшылар ертемен іске кіріскен. Тек түсіру тобын байқап, сәл кідіріп қалды. Қарға төселген тротуардың сапалы боларына тұрғындар сенімсіз.
Блиц 1:
- Сапасы енді көктемде түсетіні белгілі ғой. Екі жұмыс болады көктемде енді. Қайтеді басқа? Ақшалары бар шығар. Төлейтін шығар.
Блиц 2:
- Енді бізде үйреншікті жағдай ғой ол деген. Қисынсыз, келіспейтін нәрселерге көзіміз үйреніп кеткен. Сапасы жаман болса да, халықтың жауабын, халықтың ойын ешкім елемейді. Салынып қойды, енді салына берсін.
Блиц 3:
- Дұрыс емес. Уақытында, мезгілінде салынатын жұмыстар шығар, меніңше. Менің түсінуім бойынша. Отырып кетеді ол бәрібір. Құдайдың жаңбырының өзінде солай.
Жаяу жүргінші жолын төсеуге тапсырыс берген – Ақтөбенің Астана ауданы әкімдігі. Биылғы маусымда шамамен 21 мың шаршы метр аумақ қамтылуы тиіс еді. Жылдың алғашқы жартысында 7,5 мыңы салынса, 14 мың шаршы метрді билік өкілдері кейінге қалдырды. Қоңыр күз өтіп, жұмыстардың қарлы қарашаға дейін созылу себебін шенеуніктер мемлекеттік сатып алудың талап-тәртібімен байланысты деп түсіндірді. Яғни, тамыз айында жарияланған тендердің қорытындысы аян болғанша күз ортасы келген.
Мирас Әжібаев, Ақтөбе қ. Астана ауданы әкімдігінің ТКШ бөлімінің басшысы:
- Плитканың астына құмның орнына отсев салып жатырмыз. Ол 5,-7 градусқа дейін оңай салынатын зат. Өйткені түзету жұмыстарына да қолданысқа жақсы. Және де ертең көктем мезгілінде ойнап кетпейді. Су тиген кезде ойнап кетпейді. Себебі үсті тромбовка жасалған кезде тас болып қатып қалады.
Әкімдік өкілі: «Бұл жұмыстар әлі де жалғасады», - дейді. Шамамен 300-400 шаршы метр жерге жаяу жүргінші жолын төсеу қажет. Салынған тротуар сапасын шенеуніктер алдағы көктемде бақыламақшы. Қар бетіне төселген жол опырылып түссе, мердігер есебіне қайта жөнделуі тиіс. Себебі, екі жылдық кепілдік мерзімі бар.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов