Петропавлдық жастар қыс бойы жалғыз тұратын қарияларға көмектеседі
Петропавлдық ерікті жастар қыс бойы жалғыз тұратын қарияларға көмектеседі, деп хабарлайды 24kz.
Олар көктемге дейін зейнеткерлердің ауласын қардан тазалап, үй шаруасына қолғабыс етеді. Игі шараға жастар русурстық орталығы ұйытқы болды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Петропавлдық Галина Малыгина қала шетіндегі Жұмысшы кентінде жалғыз тұрады. «Жер үй болған соң жұмысы жетіп артылады. Әсіресе, қыстың күні қиын», - дейді зейнеткер. Бүгін оған қонаққа жастар келіп, керегіне жарады.
Галина Малыгина, қала тұрғыны:
- Балалар аптасына екі рет келіп, осылай көмектесіп кетеді. Бір ауыз сөзімді жерге тастаған емес. Әйтпесе, өзімнің шамам бәріне жетпейді. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ.
Ұйымшыл жастар сүт пісірім уақытта ауланы қардан тазартып, зейнеткердің отын-көмірін кіргізіп берді. Суын да әкеліп тастады. Біра шай ішуге қалмады. Өйткені оларды басқа да жалғыз тұратын қариялар күтіп отыр.
Дина Баймақышева, ерікті:
- Қазір бізге үлкен кісілер көп кісілер хабарласып жатыр. Оларға өйткені керек көмек. Көмек керек болып тұр. Осы қар қазір жауып жатқанда сол үлкен кісілерге көмек керек.
Петропавлдық жастар ресурстық орталығында 100-ге жуық волонтёр бар. Бұл бір күндік шара емес. Олар жалғыз тұратын зейнеткерлерге қыс бойы көмектеседі.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков