Қаңғыбас иттер Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді
Жамбыл облысында иесіз иттер енді Қарулы Күштер қатарында қызмет етеді, деп хабарлайды 24KZ. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының мамандары апнаулы орталықтан төртаяқты көмекшінің бірнешеуін таңдап алды. Иесіне қажетсіз болған иттер әскерде қандай қажетке жарауы мүмкін?
Сәбит Жаманов жұмыс істейтін 63563 әскери бөлімінде 10-ға жуық қауіпсіздік бекеті мен бақылау пункті бар. Ал ондағы әскерилерге иттің көмегі қажет-ақ. Сондықтан жауынгерлер бүгін панажайдан екі төбетті асырап алды.
Сәбит Жаманов, 63563 әскери бөлімінің қойма бастығы:
- Әскери бөлімде қарауылдардың жанына осы иттің пайдасы өте көп. Қарауылда дауыс белгісін беріп тұратын бізге ит қажет болғандықтан, ит жанашыры ретінде осы екі итті алып жатырмыз. Скл Осы иттермен айналысатын қарауыл жеке құрамдар бар. Сол кісілерге мен жеткізіп беремін, ол кісілер ары қарай өздері үйретіп, тамағын беріп қарайды.
Осылайша, аймақтағы бес әскери бөлім мамандары қызметке жарамды деген 10 итті таңдады. Енді олар әскер аумағына барып, түрлі тапсырмаларды үйренеді. Кейбірі механикаландырылған бригада мен тау сақшылары ротасына аттанса, ендігісі Тараздағы әскери бөлімдерде күзетшілерге жәрдемдеседі. Қарулы Күштер қызметкерлері қайырымды істі өзге өңірдегі әріптестері де жалғастырады деген сенімде.
Жанна Мамашева, белсенді:
- Әскери бөлімшелерге 10 шақты ит алып кету, ол біз үшін өте маңызды. Өйткені бұл иттер ертең далада қалмайды, ертең адамға қауіп туғызбайды. Бұл иттер біздің отанымызға қызмет етеді деп сенемін.
Тараздағы бұралқы иттерге арналған орталық шілде айында ашылды. Қазірге дейін мұнда 150 жануар әкелінген. Мамандар оларды жуындырып, тазалап, екпе салып, иесі табылғанша қадағалайды. Ал иесіз иттер алам деуші тұрғындарға беріледі. Бүгінге дейін облыс тұрғындары осы жерден 40-тан аса салпан құлақтыны асырап алған.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділді.