«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы жыл соңына дейін аяқталады
Қазір ұзындығы 363 шақырым күрежолға толықтай асфальт төселді. Соның 260 шақырымы төрт жолақ бойынша ашылды. Қалған учаскеде қоршау мен жол белгілері орнатылып жатыр. Өңірде өзге де республикалық, облыстық маңыздағы жолдар жөнделді.
«Қарағанды-Балқаш» жолының құрылысы – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жоба. «Орталық-Оңтүстік» транзиттік дәлізі саналатын күрежол көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, ел экономикасының дамуына серпін береді. Бүгінде учаскелері 4 жолақ бойынша біртіндеп ашылып жатыр. Қазір Қарағандыдан Ақшатау кентіне және Бектау Ата елді мекенінен Балқашқа дейінгі 260 шақырымы толық тапсырылған. Қалған 103 шақырым учаскеде қоршаулары, жол белгілері орнатылып жатыр. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін аяқталады. «Жол 1-ші техникалық санат бойынша барлық талаптарға сай болады», – дейді «ҚазАвтоЖол» компаниясы Қарағанды облыстық филиалының директоры Думан Қалабиев.
Думан Қалабиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директоры:
- Қарағанды-Балқаш бойынша жол жабынын жүргізу толық аяқталған. Оның ішінде 18 демалыс орындары бар. Қазіргі кезде мына жол бойындағы қоршауларды орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Белгілер қойылып жатыр, жол таңбсы жасалады.
Облыстық маңыздағы 178 шақырым жол жөнделді
Биыл облыстық жолдардың 178 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мысалы, «Осакаров-Моладежный» бағытындағы жолда асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Қарағанды маңындағы қалалар мен бірқатар елді мекен үшін маңызды «Саран-Шахтинск» күрежолын жөндеу келер жылы да жалғасады. «Жұмыс сапасы үнемі назарда», – дейді мамандар.
Жанасыл Қанатов, автомобиль жолдары және жол инфрақұрылымын дамыту бөлімінің бас маманы:
- Мысалы, құрылыс болсын, қайта жаңарту болсын, орташа жөндеу, күрделі болсын, жолдың құрылыс барысында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» бірге келісімшарт жасағанбыз. Жаңағы жол салып жатқан материалдарды зертханалық сараптамадан өткіздік. Сапасын тексергенбіз.
Өңірде Нұра өзені арқылы өтетін «Теміртау-Ғабиден Мұстафин» жолында көпір салынып жатыр. Сондай-ақ Шерубай-Нұра өзенінің бойында және «Саран-Шахтинск» жолында көпірлер қалыпқа келтіріледі.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.