«Қазақмыс» тау-кен саласында жұмысшы әйелдердің үлесі бойынша көш бастап тұр
Елде «Қазақмыс» корпорациясы тау-кен металлургия саласында жұмыс істейтін әйелдердің үлесі бойынша көш бастап тұр. Соңғы 2 жылдағы көрсеткіш 27%-ті құраған. Бұл өзге кәсіпорындармен салыстырғанда едәуір жоғары.
Елордада түркі әлемі кәсіпкер әйелдерінің бизнес форумы өтіп жатыр. Онда азаматшалардың тау-кен металлургия кешеніндегі еңбек жолы мен қоғамдағы орны ерекше талқыланды. Халықаралық жиында «Қазақмыста» талай жыл еңбектеніп, жетістікке жеткен әйелдер де төбе көрсетіп, көпшілік алдында сөз сөйледі.
Нұржігіт Бейісова, Сәтбаев қаласы жылу энергетика кәсіпорны еңбек қауіпсіздігін қорғау бөлімінің бас маманы:
- Жылу энергетика кәсіпорнында 600 адам жұмыс істейді. Соның 428-і – әйел. Олар көбіне отын көлік бөлімінде жұмыс істейді, қазандықтарды басқарады, жалпы жылу шығаратын кәсіпорынның басты тұлғалары – әйелдер. «Әйелдер бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен дүниені тербейді» дейді ғой. Жаңағыдай біздің әйелдердің бүкіл салада қатысы болуы керек. Әйелдер бүкіл салада жұмыс істеуі керек. Үйде отырып қалмауы керек.
Бүгінде «Қазақмыстағы» әйелдер қауымы ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді. Олар, қажет десеңіз, кеніштегі техникалық жабдықтардың қосалқы бөлшегін өздері ауыстырып, арнайы аппараттарды басқарады.
Роза Бейбітқызы, «Қазақмыс» корпорациясының қызметкері:
- 16 жылдан бері осы «Қазақмыста» жұмыс істеймін. Оған дейін басқа салада тер төктім. Бірақ ол жақтан ешқандай дамуды көрмедім, қызметім де өспеді, бір орында тұрып қалдым. Ал қазіргі кәсіпорында жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Әсіресе әйелдер қауымына. Көбі біздің қызметімізді ерлердің жұмысы деп санайды. Біз бұл оймен келіспейміз.
«Қазақмыс» әрдайым өз қызметкерлерін қолдау мен дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қазір корпорация Жезқазған қаласында «Берекелі отбасы» жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Онда өндіріс жұмысшыларының әйелдері үшін өмір сүру сапасын жақсарту қарастырылған.
Авторы: Мерей Қанапия.