Қостанай облысында көптен күткен бөгет салынды

Қостанай облысында биылғы тасқын 28 жоласты су ағарын бұзып кетті. Салдарынан кейбір елді мекендерге көлік қатынауы қиындады. Ал Герцен ауылындағы негізгі бөгет жеті жыл бұрын бұзылған екен. Жергілікті тұрғындар содан бері жол азабын тартып келді. Дегенмен елдің үміті ақталды. Гидротехникалық нысанның құрылысы осы айда аяқталатын болды.

Герцен ауылы өзі ойпаң жерде орналасқан. Сондықтан көктем сайын жан-жақтан ағылған су осы арадағы сай-саланы толтырып, ауылға жайылады.

Тұрғындар жылда жалғыз өткелді өздері жамап-жасқағанмен, ол қатты тасқынға шыдас бермейді. Сосын жер кеуіп, су тартылғанша қатынас үзіледі.    

Мынау жаяу жүргінші көпірі – көктемгі тасқын кезінде ауылды сыртқы әлеммен байланыстыратын жалғыз жол. Әдетте тұрғындар жағалауда көліктерін тастап, жандарын шүберекке түйіп, осы көпірмен өтеді екен. Өткен жылы қатты тасқын бұл көпірді де бұзып кеткен. Жергілікті тұрғындар өз күштерімен биыл қайта орнатыпты.

Татьяна Колесник, Герцен ауылының тұрғыны:

- Былтыр бұл көпірімізді де бұзып кетіп, тіптен ешқайда шыға алмадық. Шамамен екі аптадай тасқын су құрсауында қалдық. Айналма дала жолының азабы көп. Жаңбыр жауса ми батпаққа айналып, қыста қар басып қалады. Сондықтан жаңа бөгетті біз асыға күттік.

Анығында гидротехникалық нысан құрылысы былтыр қыркүйекте  басталған. Жыл соңына дейін бітуі тиіс еді. Бірақ мердігердің айтуынша, өзен арнасы сазды, жерасты суы жақын болғандықтан, бағана, тіреуіштерді қағу мүмкін болмаған. Сондықтан биыл арнаны басқа жағынан қазып, бұрып алып келуге тура келген.  

Батырқайыр Қасымов, Қарасу ауданы ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұрынғы арна ол кішкене су көктемде қатты ағыс болғанда ол кішкене ауыл жаққа қарай кететін, сосын ол ауыл жаққа кетіп, бүкіл топырақтарын алып кететін әрі қарай, ал енді қазір олар бер жағынан жаңа су арнасын салды да, енді ол су ауыл жаққа қарай бармайды.

Бөгеттің құрылысына 108 миллион тенге жұмсалған. Осы айдың басынан негізгі күрежолға дейінгі бес шақырым аралық қазір ашылды. Өткел астындағы су өткізгіш құбырдың диаметрі бұрынғыға қарағанда біршама кең және мығым. «Тасқын суды қабылдауға дайын», – дейді аудан басшылары.

Қайрат Оспанов, Қарасу ауданының әкімі:

- Ауқымды жұмыс атқарылды. Топырақ қабатын нығыздау, суағар құрылғыларын орнатып, оны бетонмен бекіту, одан кейін бөгеттің үстін жауып, тегістеу. Мұның бәрі айтар ауызға оңай. Келесі кезеңде қиыршықтас төсеп, жолға орташа жөндеу жүргізсек деп отырмыз.  

Ал облыс аумағында биыл жол бойындағы 120 су өткізгіш құбыр жөнделіп ауыстырылған. Алдағы уақытта 495 суағарды жаңарту мақсаты тұр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.