Семейде автобус жүргізушілері тапшы

Семейде автобус жүргізушілері жетіспейді, деп хабарлайды 24KZ. Жастардың жауапты жұмысқа барғысы жоқ. Есесіне аялдамада тұрып қалатын тұрғындардың шағымы көбейіп жатыр. Қалалықтардың қоғамдық көліктің тазалығына да көңілі толмайды. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, биыл көлік паркінің базасы 50%-ке жаңарып, екі жылда 100-ге жуық автобус сатып алынды. Енді арнайы жол картасын әзірлеу жоспары бар.

75 жастағы Геннадий Кожевников жастайынан жүргізуші болып жұмыс істейді. Таң атқаннан кеш қарайғанға дейін жолаушылар тасымалдайды. Тәжірбиелі жүргізушінің айтуынша, қазір қалада «D» санатындағы жүргізуші тапшы.

Геннадий Кожевников, автобус жүргізушісі:

- Қазір бәрі жеңіл жұмыс іздейтін болды. Біздің жағдайымыз да жақсы. Айлығымызды ай сайын уақытылы аламыз. Жастардың көбі қарапайым жұмысшы мамандықтарды игергісі келмейді ғой. Мүмкін жұмысшы тапшылығы да осыдан шығар. Мен өз жұмысыма ризамын. Айына 400 кейде 500 мың теңге жалақы аламын.

«Кей бағыттағы автобустарды ұзақ күтесің», – дейді тұрғындар. Ассықандар амалсыз таксиге отырады. Оның бағасы да таңғы, кешкі уақытта шарықтап кетеді.

Сауалнама:

- Халық деген осы жерде қаптап тұрады. Бәріміз таксимен кетеміз. Автобустарды дұрыстаса, әсіресе сенбі-жексенбі күндері молырақ жүргізсе.

- 12-ден бастап жүрмейді. Енді оларды да түсінеміз. Таңғы 4-тен бастап жүреміз дейді. Енді қаншама автобус бар, кезек-кезегімен шығарса болады ғой. Мектепке баратын балаларға обал.

Қалада жолаушы тасымалдаумен айналысатын бес мекеме бар. Кәсіпорындарды қолдау үшін облыстық әкімдіктің шешімімен 6 млрд теңге бөлінген. Алайда мемлекеттен көмек болғанымен, тасымалдаушылардың тарапынан кемшіліктер жойылмай тұр.

Григорий Пинчук, автобус паркінің директоры:

- Автобустар негізінен тез ескіреді. Қызмет ету мерзімі 5-6 жыл. Одан кейін тез істен шығады. Тек бір автобус бұзылса да, ол тұрғындарға ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан біз қазір жаңа көліктің санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.

Семей қаласы бойынша 100 жүргізуші жетпейді. Қала әкімдігі маман тапшылығы мәселесін түбегейлі шешу үшін жүргізушілердің жалақысын көтеру мәселесін қарастырмақ.

 Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі:

- 20-30%-ке дейін жетіспеушілік бар. Оның барлығын шешу мәселесін біз бірге қарастырып жатырмыз. Енді өздеріңіз білесіздер, айлықты өсіру бойынша жағдайларын жасадық. Тағы да басқа социалдық мәселелерін тағы да қарастырып жатырмыз.

Биыл Семейдегі көлік парктерінің техникалық базасы 50%-ке жаңарды. Қазір қала бойынша 300-ге автобус желіге шығады. Жергілікті әкімдік өкілдері 2024 жылы тағы 50 жаңа автобус аламыз деп жоспарлап отыр.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.