Елде жолға қатысты 20 мыңнан аса шағым түскен
Елде соңғы 5 жылда жол саласына 6 трлн теңгеден астам қаржы бөлінген, деп хабарлайды 24KZ. Алайда қомақты сомаға қарамастан жолға қатысты сын азаймай тұр. Мемлекеттік органдар соңғы екі жылда азаматтардың 20 мыңнан аса арыз-шағымын тіркеді. Саладағы түйткілдерді жою туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы бар. Қазір бұл бағытта қандай іс-шаралар қолға алынды?
Иә, бәрін айт та, бірін айт. Қара жолдың жырын айт. Елде жол құрылысы қарқынды жүріп жатса да, қарашадан шағым азаяр емес. Соңғы екі жылда мемлекеттік органдар азаматтардың 20 мыңнан аса арызын тіркеген. Бірі жұмыстың баяу жүріп жатқанын алға тартса, енді бірі сапасына қатысты сын айтыпты. Жалпы халық айтса, қалып айтпайды. Бұл жайттарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік мамандары назарға алды. Ақ-қарасын анықтау мақсатында арнайы тексеріс жүргізді. Нәтиже де жоқ емес.
Осы жылдың өзінде жол саласында 24 қылмыстың беті ашылды. Ал кейінгі 5 жылда 94 жемқорлық фактісі әшкереленді. Мемлекетке келтірілген шығын 9 млрд теңгеге жуықтайды. Бармақ басты, көз қысты әрекеттер қатаң заңмен қудаланады. 5 жыл ішінде жол саласында өзара ауыз жаласқан 90 жауапты тұлға ұсталса, соның 64-і сот алдына барды.
Нұрдәулет Сәмет, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басқарма басшысы:
- Бастапқы кезеңде жалпы проблемалық учаскелер дұрыс анықталмайды. Мынау жоспарлау сатысында айтатын болсақ. жақында салынған жолдарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жобалау кезінде смета жасанды түрде жоғарытылады. Келісімшарттар тәжірибесі мен келісімшарты жоқ мердігерлер мен бір көзден несеме картельдік келісімшарттармен жасалады.
Жосықсыз мердігер 2 жыл конкурсқа қатыспайды
Мердігер демекші, жолға қатысты дау-даймайдың тең жартысы жосықсыз мердігерлердің кесірінен болады. Қазір мұндай құрылыс компанияларымен күрес күшейді. Айыппұлға айылын жимағандар қара тізімнен бір-ақ шықты. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы өз ісіне салғырт қараған 8 жол салушы мекеменің атын атап, түсін түстеді. Енді бұл компаниялардың құрылтайшылары мен басшылары екі жыл тендерге қатыспайды. Өз міндетін шала-пұла атқарғандар ғана емес, мемлекеттік сатып алу кезінде құжатында жалған ақпарат көрсеткендер де шеттетіледі.
Жосықсыз мердігерлердің тізіміне келесі мекемелер енгізілді:
- «Каз Строй» КС» ЖШС
- «Бекет Сат Жол» ЖШС
- «Искер-Т» ЖШС
- «Инженерный центр «АСТАНА» ЖШС
- «Алматыдорпроект» ЖШС
- «QazConstructions» ЖШС
- Фирма «Автодорсервис» ЖШС
- «Базис-Z» ЖШС
«ҚазАвтоЖол» ҰК Telegram каналы
Сәкен Ділдахмет, «ҚазАвтоЖол» ҰК ресми өкілі:
- Мемлекеттік сатып алу кезінде осындай заң талаптарын бұзған компаниялар анықталады. Сондықтан бүгінгі күні біз барынша мемлекеттік бюджетті, басқа да қаржы ресурстарына түскен бюджеттерді ашық, тиянақты орындау мақсатында осындай мердігер компанияларды шарттарды орындамаған үшін тізімге енгіземіз. Бұл тізім соттың шешімімен енгізіледі.
Тас та езіліп, темір де тозады. Кейде жолдың болмашы кедір-бұдырына қарап, көңіліміз түсіп күпірлік етеміз. Ондайда ойымызға әлемде жол сапасынан көш бастап тұрған Франция, Германия сынды елдер оралады. Алайда бір дүние анық. Осынау кең байтақ жерге жол салу үшін үлкен қажыр-қайрат керек.