Киров су қоймасының өткізу мүмкіндігі екі есе артады
Киров су қоймасының өткізу мүмкіндігі вегетация аралық кезеңде екі есеге артады, деп хабарлайды 24KZ. Бішкекте өткен Қазақстан-Қырғызстан үкіметаралық кеңесі отырысының қорытындысы бойынша су ресурстары саласындағы өзара іс-қимыл бойынша осындай уағдаластыққа қол жеткізілді. Келіссөздер барысында Киров су қоймасының толу мәселесі көтерілді. Себебі биыл ондағы судың көлемі былтырғыға қарағанда 3 есе көп.
Көктемгі тасқын кезінде ағын Жамбыл облысына бағытталуы мүмкін деген алаңдаушылық болған. Қырғыз тарапы бұл үдеріс тұрақты бақылауда екеніне және көктемде су көлемі қауіпсіз режимде жіберілетініне сендірді. Белгіленген кестеге сәйкес вегетация аралық кезеңде Киров су қоймасынан су жіберуді екі есеге ұлғайту жөнінде міндеттеме алды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Келісілген кестеге сәйкес Жамбыл облысының шаруа қожалықтары толық көлемде суды алды. Екінші біздің тарапымыздан көтерілген мынау бүгінгі күні Киров су қоймасының толу деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есе көп. Осы туралы айттық. Себебі көктемгі уақытта су көп келген жағдайда, мысалы, Жамбыл облысының Байзақ, Жамбыл аудандарын, Тараз қаласында су басу мәселесі болмасын деп қырғыз тарапы оған кепілдік беріп отыр.