Шымкентте 300 орындық жатақхана салынады

Мемлекетке қайтарылған заңсыз активтер есебінен Шымкенттегі «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің» тәрбиеленушілеріне арналған 300 орындық жатақхана салынады, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа нысан орын тапшылығын жоюға мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыстарына 2,6 млрд теңгеден астам қаражат бөлініп отыр. Нысанда ұлдар мен қыздарға бөлек блоктар, медициналық кабинет, асхана және ойын бөлмелері қарастырылған. Жалпы мұндай жобалар Президенттің «Елге қайтқан заңсыз шығарылған активтер есебінен әлеуметтік жобаларды іске асыру» тапсырмасын орындау шеңберінде қолға алынған. Бұған дейін де Үкімет елдің бірқатар аймағында спорт кешені, музыка мектебі, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар үшін оңалту орталығы, ауруханалар мен мектеп секілді бірқатар жобаны жүзеге асыруға қаржы бөлу шешімін қабылдады. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар сәтті жүріп жатыр.

Ерлан Пірімқұлов, қалалық білім басқармасының маманы:

- Бұл жерде арнайы мүгедектігі бар балалар ғой. Сондықтар оларға ыңғайластырып, көбінесе ойнату керек, оларға қосымша бөлмелер беру керек, спорттық тренажер дейміз ғой, гимнастика спортмен шұғылдану керек. Соған өте ыңғайлы етіп, әр балаға 4,5 кшаршы есептеп, 300 орындық жатақхана салуға жобалық-сметалық құжат дайындалған.