Он бір баланы бауырына басқан ана

Көкшетаулық Құралай Жұмабекова 11 бала асырап алған.

Оның ішінде өзге ұлт өкілдері де бар.  Батыл ананың бауырына басқан балаларының бүгінде алды тұрмыс құрса, ең кенжесі балабақшаға барады. Ал, отбасында туған 6 бала кішкентай бауырларына ағалық қамқорлығын аямайды. Осылайша, Құралай Жұмабекова, бүгінде дархан көңілі мен мейрімді жүрегінің  арқасында 17 баланың анасы атанып отыр.

Кішкентай ғана Ринаттың бұл шаңыраққа келгеніне биыл бір жылдан асты. Осы уақыт аралығында ол басқада бауырларымен тіл табысып кеткен. Қазір 5-ші сыныпта оқиды. Бос уақытында спортпен шұғылданады. Болашақта еркін күрестен ел намысын қорғағысы келеді. 

Ринат Көптелов, Қ.Жұмабекованың ұлы:

- Бәріміздің басымыз үлкен мерекелерде қосылады. Сол кезде біз қыдырамыз, үйде тамақ әзірлейміз. Уақытты көңілді өткіземіз. Мен анамды қатты жақсы көремін. Болашақта ол кісі әрқашан қорғап, бауырларымды қолдайтын боламын. 

Ринат отбасында 4 ағайынды. Қазір екі ағасы мен бір қарындасы да осы отбасыда тәрбиеленіп жатыр. Бұл балғындардан басқа мұнда бірнеше әулеттің ұл-қызы бар. Әр баланың тағдыры әртүрлі. Сондықтан аналары оларды бөліп жарып қарамайды. Барлығына бірдей мейірімін төгіп, жақсы көреді. 

Құралай Жұмабекова, көп балалы ана:

- 11 баланың ішінде ең үлкені Виктория. Ол қазір өзіммен бірге жұмыс істейді. Колледж, университет бітірді. Ең кішкентайым 5-те. Есімі Милана. Бұлардың бәрі әр отбасынан келген. Сосын тағы бір қызым тұрмыста. Екі баласы бар. Жуырда тағы бір қызымды ұзаттым. 

Батыл ананың шаңырағы әрқашан берекеге толы. Достық пен ауызбіршілік бар. Балалар бір-бірімен тату, туған бауырлардай өмір сүріп жатыр. Олар әр мереке күнін ерекше атап өтуді дәстүрге айналдырған. 

Ерлан Көптелов, Қ.Жұмабекованың ұлы:

- Үйдегі атмосфера балалар көп болғасын ба,әрқашан көңілді. Бауырларыммен ойнаймыз, ән айтамыз, бірге сабақ оқимыз. Қазір біздің үлкен ағаларымыз басқа қалада. Олар келгенде үй іші мүлдем көңілдене түседі.

Жүрегі шуаққа толы ананың ендігі мақсаты мүлде бөлек. Ол балғындардың ата-аналарын іздеп, балалармен қауыштырғысы келеді. Өмірден сабақ алып, жағдайлары болса балаларды қайтарып беруге де қарсы емес.

Құралай Жұмабекова, көп балалы ана:

- Қазір кішкене жұмысымды өзгертіп отырмын. Осы балалардың ата-аналарын іздеу. Үлкен балалардың ата-аналарын іздеп, тапқам. Конечно, қызғаныш болады. Мен алғашында балалар оларды көріп, қалай қуанғанын көріп, жыладым. Но бірақ жылағаным балалар қандай бақытты екеніне жыладым. Балалар өз аналарын тауып, сүйіп жатқанда соған қандай бұлар бақытты, неге біз осы бақыттан айырамыз, неге мен көмектеспеймін деп ойладым. 

Еңбек – бәрін жеңбек. Құралай Жұмабекова өз балаларын осы сөз арқылы тәрбиелейді. Табысты жан мұнымен де тоқтамақ емес. Қазір ол «аналар үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі. Көпбалалы ана өзі сияқты басқа балаларды бауырына басқан және бала асырап алғысы келгісі келетіндерге көмектеседі.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко, Азат Аитов