Елордада «Антиконтрафакт» XII халықаралық форумы өтті
Жалған өнім жарға жығады. Былтыр Қазақстанда 35 мың дана контрафактілі тауар тәркіленген, деп хабарлайды 24kz.
Шығу тегі белгісіз әрі ел аумағына заңсыз жолмен кіргізілген заттар экономикаға үлкен қауіп төндіреді. «Олардың адам денсаулығы үшін де залалы жоғары», - дейді мамандар. Заңсыз тауар айналымына тосқауыл болу жолдары «Антиконтрафакт» XII халықаралық форумында кеңінен талқыланды. Басқосуда тағы қандай мәселелер көтерілді?
Контрафакт күллі әлем елдерінің бас ауруына айналғалы қашан. Алайда онымен күресте ауызбіршілік пен нақты жүйе жоқ.
«2025 жылы әлем бойынша контрафактінің айналымы рекордтық деңгейге – 1,8 трлн долларға жетеді», - дейді сарапшылар. Заңсыз өнімнің залалын Қазақстан да тартып отыр. Өткен жылы елде 35 мың жалған тауар тәркіленген. Бұл тек анықталғаны ғана.
Азамат Есқараев, ҚР Әділет министрі:
- Контрафактілік өнім нарыққа шығатын болса, оның не салығы төленбейді, яғни, экономикалық зиян келтіреді. Еліміздің ішінде де заңға қайшы әрекет ететін азаматтарымыз контрафактілік өнімді шығарады, ол деген азаматтарымызды уландыруы, не басқа зиян келтіруі мүмкін.
Контрафакт өндірісті тұралатып, экономиканы тұншықтырады. Мамандар жалған тауарлар тұрмыстық бұйымдар, балалар ойыншықтары, көлік бөлшектері нарығын жаулап алғанын айтады. Егер елдер күш біріктермесе, заңсыз тауар айналымы 10 есеге дейін ұлғаюы мүмкін. Бұған нарықтағы маркетплейстер үлесінің белсенді өсуі де себеп. Форумға қатысушылар тауар ағынын бақылаудың бірыңғай жүйесін қалыптастыру мәселесін талқылады.
Ернар Бакенов, ЕЭК Кәсіпкерлік саланы дамыту департаментінің директоры:
- Біз Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ортақ ақпараттық ресурс құрып жатырмыз. Қазір жүйені тестілеу жұмыстары жүргізілуде. Келесі жылы ол іске қосылады деп күтілуде. Аталмыш жүйе одаққа мүше елдердің кеден қызметінің тиімді жұмыс істеуіне көмектеседі.
Контрафакт сырттан ғана келмейді. Елде танымал брендтердің атын жамылып жасырын түрде жұмыс істеген бірнеше кәсіпорын анықталды. Ал одан зардап шегетін тек тұтынушы. Мораторийдің алынуына байланысты әділет органдары енді кәсіпкерлік нысандарын тексеруге құқылы. Алайда оның өзінде тек азаматтардың арызы бойынша.
Шолпан Әбдіреева, ҚР Әділет министрлігі зияткерлік меншік құқығы комитетінің төрағасы:
- Әділет органдары жүргізетін тексеру шаралары Кәсіпкерлік кодекс аясында өткізіледі. Мәселен, қандай да бір сауда орнын немесе маркетплейсті тексеру үшін бізге азаматтардан арыз қажет. Онда заң бұзушылық орын алған жердің мекенжайы, фото немесе шот-фактура, чек түріндегі дәлелдемелер қоса ұсынылуы тиіс. Жыл басынан бері әділет органдарына азаматтардан 400-ге тарта арыз түсіп, оның негізінде тексеру жұмыстары жүргізілді.
«Антиконтрафакт» XII халықаралық форумында салаға цифрлық трендтерді енгізу, тауарларға мемлекеттік таңбалау жүйесін қолдану сияқты мәселелер қозғалды.
Авторлары: Қуандық Танабас, Мадияр Қындыбаев