Петропавлда оқушылар жарақаттанған мектеп кабинетіне сараптама жасалады

Петропавлда төбенің сылағы құлаған мектеп кабинетіне техникалық сараптама жасалады, деп хабарлайды 24kz.

Қазір осыған байланысты арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына төтенше жағдайлар департаменті, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау, құрылыс, білім басқармалары мен ата-аналар кіреді.

Естеріңізге салайық, кеше кешке қаладағы Қожаберген Жырау атындағы №6 мектеп кабинетінде төбе сылағы опырылып, 3 бала жарақат алған болатын. Дәрігерлердің айтуынша, қазір науқастардың жағдайы жақсы.

Александр Гассман, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

- Медициналық тексерістен кейін мидың шайқалуы расталған жоқ. Бір баланың басы, қалған екеуінің арқасы жарақатталған. Қазір денсаулықтарына ешқандай қауіп жоқ. Бәрі жақсы болса, ертең үйге шығады.