Атырау облысында 1000-ға жуық ерікті өңір тұрғындары үшін игі істерді атқарып келеді
Атырау облысында 1000-ға жуық адамды қамтитын 60-қа тарта волонтерлік ұйым бар, деп хабарлайды 24kz.
Олар ерікті түрде әлеуметтік және қоғамдық жұмыстармен айналысады. Пандемия кезінде халыққа қол ұшын созған еріктілер, кешегі тасқын кезінде де елге мол пайдасын тигізді. Бөгет соғумен қатар жұмысшыларға тамақ тасып, нағыз ерліктің үлгісі болды.
Әділхан Сәрсенов «Қазаэронавигация» мекемесінде бөлім бастығы боп жұмыс істейді. Бос уақытында «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымының мүшелерімен бірге қоғамдық жұмыстармен айналысады. 2020 жылы пандемия кезінде бастамашыл топ боп жиналған еріктілер бүгінде өңір тұрғындары үшін игі істерді атқарып келеді. Көктемгі тасқын кезінде де аянып қалмай, бөгет соғу жұмыстарына жұдырықтай жұмылды.
Әділхан Сәрсенов, ерікті:
- Жалпы бағытымыз – әлеуметтік осал отбасылармен жұмыс жасау. Кәмелет жасына толмаған балаларды бейімдеу орталықтарымен жұмыс жасау. Қарттар үйімен, балалар үйімен жұмыс жасаймыз. Тасқын кезінде бөгеттер жасауға, қапшық қаптауға көмектестік. Волонтер болу өзінің ішкі дүниең үшін, тыныштығың үшін. Біреуге бір пайдам тиіп жатыр деген өз-өзіңе деген есеп беру. Біреуге көмектесіп жатырмын, елге көмектесіп жатырмын деген сияқты.
Тасқын кезінде еріктілердің көп көмегі тиді. Бөгет соғу жұмыстарынан бөлек, жұмысшыларға ыстық тамақ тасумен де айналысты. Сондай-ақ гуманитарлық көмекті қабылдау пунктінде де аянбай еңбек етті. Әр өңірден келген жүкті сұрыптап, тасқыннан зардап шеккен Жылыой, Қызылқоға аудандарына жөнелтіп отырды.
Құралай Сабирова, ерікті:
- Төтенше жағдай кезінде де біздің қоғамдық қор жаға бекіту жұмыстарына да көп атсалысты. Сонымен қатар ыстық тамақ таратумен де көмектескен болатынбыз. Жалпы қалада болып жатқан әртүрлі жағдайларда, жауын-шашын кезінде де біздер түнгі ауысымдағы қызметкерлерге ыссылай тамақ пісіріп апарып, шаймен, солай қамтамасыз етіп, өзіміздің қолымыздан келгенше қолдауымызызды, көмектерімізді көрсеткен болатынбыз.
Қазір облыста 57 волонтерлік ұйым тіркелген. 1000-ға жуық адам ерікті түрде қоғамдық жұмыстармен айналысады. Әр салада жүрсе де, елдік мүдде оларды бір арнаға тоғыстырған.
Өмірзақ Зинелғабиденов, ерікті:
- Өзімнің мамандығым музыкант болған соң іс-шараларға барған кезде өзімнің музыкалық аспабымды алып, сол жердің атмосферасын көңілдірек қылуға тырысып жатамыз. Тасқын кезінде атқарған көп болды. Негізгі атқарғанымыз – қапты қаптау болды. Одан кейін штабқа әкелінген заттардың барлығын сорттап, рет-ретімен қою шаруалары болды. Волонтерлік – еріккеннің жұмысы емес, адамның ішкі жан-дүниесімен өзгеге бір қол ұшын созу, көмектесу деген мағына деп ойлаймын.
Бүгінде волонтерлік ұйымдар мектеп оқушыларын да қайырымдылыққа баулып жүр. Қазір еріктілерге мемлекеттен көрсетілетін қолдау көп. Үздік жобаларға қайтарымсыз гранттар беріліп, тиімді жүзеге асырылып жатыр.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин