Брюссельде Қазақстанның геология саласы талқыланды

Брюссельде Қазақстанның геологиясын дамыту әлеуеті мен осы салада ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері талқыланды, деп хабарлайды 24kz.

Академик Қаныш Сәтпаевтың 125 жылдығына арналған конференцияға еуропалық және қазақстандық геологтар, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелердің өкілдері, Біріккен ұлттар ұйымының мүшелері қатысты. Кездесу барысында Еуропа үшін аса маңызды 34 материалдың 19-ы Қазақстанда өндірілетіні атап өтілді. Ал қалған пайдалы қазбаларды игеру үшін шикізат базалары құрылған. 2022 жылы Қазақстан Еуроодақпен маңызды шикізат минералдарын өндіру мен өңдеу бойынша екі жылдық жол картасына қол қойды. Қазір осы ынтымақтастықтың жаңа кезеңіне арналған бағдарлама әзірленіп жатыр.

Марғұлан Баймұхан, Қазақстан Республикасының Бельгия және Люксембургтегі елшісі, ЕО және НАТО жанындағы Қазақстан миссиясының басшысы:

- Біз Қазақстанның Ұлттық геология қызметімен тығыз байланыстамыз. Бүгін Еуропаның геология федерациясына осы мекемемен ынтымақтастық орнатуды ұсындық. Бізге жер қойнауы туралы ақпаратпен алмасу ғана емес, оны игеруге қажетті технологияларды кім әкеле алатыны, қаржылық жағынан кім қолдау көрсете алатыны жайлы ақпарат та маңызды. Сондықтан қазір Қазақстанда бірнеше консорциум жұмыс істеп жатыр. Менің ойымша, алдағы уақытта біз еуропалық өндірушілер мен кәсіпорындар үшін сенімді серіктес бола аламыз.

Николаус Кукузас, Еуропа геологтары Федерациясы сарапшылар тобының үйлестірушісі:

- Біз көмірқышқыл газын сүзу және сақтау, сондай-ақ сутекті сақтау мәселелерін зерттеумен айналысамыз. Мұндай технологиялар әлемнің көптеген елдері үшін, соның ішінде Қазақстан үшін өзекті. Осы арқылы көміртекті ауадан сүзіп алып, оны жер астында капсулаларда сақтауға болады. Бұл қоршаған ортаны қорғауға әрі мұнай-газ саласының болашағы үшін өте маңызды технология. Осы бағытта біз сіздің еліңізбен ынтымақтастықты арттыруға ниеттіміз.