Қазақстанда 20 мыңнан аса азамат авиация саласында еңбек етеді
Ертең Халықаралық азаматтық авиация күні. Кәсіби мерекені әлем елдері кейінгі 30 жылда тұрақты түрде атап өтіп келеді. Иә, көк аспанда күміс қанат самолетпен қалықтау кім-кімнің де бала кезден арманы шығар. Десе де осы бір-ақ арманын ақиқатқа айналдырған азаматтар біздің арамызда аз емес екен. Қазір бұл салада бас-аяғы 20 мыңнан аса отандасымыз еңбек етіп жүр.
Мына темір құрсанған алып әуе көлігін жас жігіт басқарады дегенге сену қиын. Бірақ Александр оны ұршықша иіреді. Ұшақ тізгініне отырғанына биыл 5 жыл толады. Бұл сәтті ол бала кезден армандапты. Енді, міне, елдегі әуе компанияларының бірінде борт командирі болып қызмет атқарады. Қанатты тұлпарды серік еткен Александр осы кезге дейін 4 мың сағат кеңістікте қалықтапты.
Александр Фукс, ұшқыш:
- Ұшқыш болсам деген ой бала кезден маза бермеді. Бұл арманым өсе келе мақсатыма айналды. Оған жету үшін барымды салдым. Алматыдағы азаматтық авиация мамандарын даярлайтын академияға оқу түстім. Енді, міне, сол білімімді тәжірибемен ұштасырып жатырмын. Борт командирі атанғаным былтыр ғана. Бұл өте жауапты қызмет. Қырағылық, табанда шешім қабылдай алу, төзімділік секілді қасиеттерді талап етеді.
Ұшқыштан кейін әуе көлігіндегі жауапты адамның бірі – бортсерік. Ол сапардың жолаушылар үшін барынша жайлы өтуін ұдайы назарда ұстайды. Сымдай тартылған келісті қыз-жігіттер жүктелген міндетті әркез абыроймен атқаруға тырысады. Әркімге сеніп тапсырылмайтын іс. Тек мыңнан сурылып, сыннан сүрінбегендері ғана сапқа алынады.
Абзал Сағынтай, бортсерік:
- Жарнамадан іріктеу болатынын көріп, дайындалып, қолыма резюмені алып, солай келдім. Ол кезде іріктеуде 100 адам болды, соның 9-ы өтті ғой. Адаммен жұмыс істеу өте қиын негізі. Бірақ та тіл табысып, ұшып жүреміз. Көбінесе кішкентай балалар келіп, бүлдіршіндер келіп: «Мен сіз сияқты бортсерік болғым келеді, суретін салып береді, сосын ұшқыш болғым келеді», – дейді. Өз армандарын айтып, жақындап келеді.
Ал бұл әуежайға қарасты диспетчерлік орталық. Мұнда аптаның әр күнінде тәулік бойы жұмыс қайнап жатады. Жүздеген жолаушы мінген әуе кемелерінің қауіпсіздігі осы 45 метрлік мұнара ішінен бақыланады. Әсіресе ақтүтек бораны мен өкпек желі басым арқада бұл міндетті мүлтіксіз орындау – ауыр жұмыс. Десе де аспан бақылаушылары қызметтік парызын жетік біледі. Қас қағым секунд, санаулы минут ішінде болған әуедегі өмірді көзден таса қылмайды.
Сержан Жанабаев, әуе диспетчері:
- Аумақтық орталықтың диспечерімін. Авиа саласында диспетчерлік мамандық өте маңызды. Себебі авиадиспетчердің негізгі міндеті – осы әуе кеңістігіндегі қозғалыстарды бақылау.
Қызықты һәм қауіпті саланы таңдаған бұл азаматтардың басты тілегі – елдің тыныштығы мен жолаушылардың амандығы. Олардың кәсібилігі мен қажырлы еңбегінің арқасында жыл басынан бері 12 млн аса адам діттеген жеріне аман-есен жетті. Барлығы 51 ішкі, 118 халықаралық бағыт бойынша рейстер орындалды.
Авторлары: Назерке Тоқжан, Ырыстанбек Оспанов.