Атырауда полицейлер қараусыз жүрген малдың бәрін қамай бастады
Атыраудың тәртіп сақшылары қала көшелерінде бетімен жүрген малды жаппай қамай бастады, деп хабарлайды 24KZ. Бұл амалсыздан қабылданған шара. «Себебі әсіресе жаз айларында қараусыз қалған жылқы мен сиыр облыс орталығын еркін аралап, тал-теректерді құртып қана қоймай, жол қозғалысына кедергі келтіреді», – дейді жергілікті полицейлер. Жыл басынан бері қарай төрт түлігін қадағалаусыз қалдырған 519 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген. Алайда қолындағы малына қарамайтындар азаяр емес.
Атырау қаласының шетіндегі мына мал базары бүгінде бағусыз бетімен жүретін малдардың «түрмесіне» айналып барады. Мына қамауда тұрған түліктердің жартысынан көбі иесін күтіп отыр.
Аманжол Хайруллин, мал базарының әкімшісі:
- Жергілікті полиция бөлімімен келісімшартқа отырып, мына көшеде жүрген «безхозный» малдарды әкеліп қамаймыз осында. Біздер олардың жемшөбімен бағып отырамыз осында. Жақында 7 бас мал әкелді.
Тілсіз хайуан қала тәртібін білмес. Бірақ бетімен жіберуге иесінің құқығы жоқ. Жыл басынан бері малды бақылаусыз жіберген 519 адам жауапкершілікке тартылыпты. Оларға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 408-бабы бойынша жергілікті органдар бекіткен ауыл шаруашылығы малдарын жайылымда ұстау ережелерін бұзғаны үшін 3-10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.
Жеңіс Бозаев, қпб, №2 жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің басшысы:
- Қазіргі таңда Атырау қаласында 2 мал ұстау орны белгіленген жергілікті әкімшілікпен. Иелері анықталғанға дейін осында қамауда болады. Сосын иесі анықталғаннан кейін полиция қызметкерлері міндетті түрде иесіне әкімшілік хаттама жасақталып, мал иелеріне қайтарылады. Малға кеткен шығын осы келісімшарт арқылы иесінен өндіріледі.
Жыл басынан бері қарай өз малына салғырт қараған тұлғаларға 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Бірақ нәтижесі шамалы. Сондай-ақ бетімен жүрген малдар қала көшелеріне кіріп, жасыл желектерге залал келтіргені үшін 158 хаттама толтырылып, мал иелеріне 1,3 миллион теңге айыппұл салынды.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин.