Заң мен тәртіп: прокуратура саласындағы жаңашылдықтар

Елімізде алимент төлеуден жалтарып жүргендерді тексерудің жаңа алгоримтмі әзірленді, деп хабарлайды 24KZ. Сот орындаушылары әлі де ескі тәсілмен борышкерлердің тек банк шоттарын, мүлкін және ресми жалақысын тексерумен шектеліп отыр. Бірақ өмірімізге цифрлық сервистер әлдеқашан еніп, жаңа табыс көздері пайда болды. Оны сот орындаушылары бақылай бермейді. Сондықтан Бас прокуратура салаға осындай жаңашылдықты енгізіп отыр.

Цифрлық заманда өмір сүреміз. Демек электронды қаражат деген түсінік пайда болды. Ал ол көп жерде ескеріле бермейді. Қазір өз балаларына алимент төлемей, қарызданып жүрген әкелер бар. Нақтырақ айтқанда, борышкерлер еңбек шартсыз такси және жеткізу қызметтерінен ақша тауып, оны электронды әмияндарда сақтайды. Қазір алименттен жалтарып жүргендердің саны артып жатыр. Республика бойынша 63 мың баланың пайдасына 28 миллиард теңгеден астам берешек қалыптасқан. Биылғы 9 айда жеке сот орындаушыларының көмегімен 7 миллиард теңге алимент өндірілген. Мұны ескерген органдар әр борышкерді тексерудің жаңа алгоритмін әзірледі.

Жандос Өмірәлиев, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Өкінішке қарай, кейбір құқықтық актілер прогреске ілесе алмауда қазір. Кейде сот орындаушылардың бәрін тексеруге құзыреті де жоқ. Бұл, әрине, борышкерлерге өте ыңғайлы. Тексерулердің жаңа алгоритмін әзірледік. Соның нәтижесінде табыстарын жасыру және алименттен жалтарудың 6 мыңнан астам фактісі анықталды. Борышкерлерге қатысты 380 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 300 адам әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 344 млн теңге қарыз өтелді.

Сондай-ақ прокурорлар алаяқтардың арбауына түсіп жатқан азаматтардың да жай-күйін ескерген. Бүгінде елдің барлық аймағында «Киберпол» бөлімшелері жұмыс істейді. Ол арқылы әккілердің қайда жасырынғанын анықтауға мүмкіндік береді. 2 жыл ішінде алаяқтықпен айналысқан 100-ден астам қылмыстық топ пен 104 дроппер әшкереленді. Жалпы соңғы 5 жылда ғаламтордағы алаяқтық фактісі бойынша 85 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді.

Асхат Таженов, ҚР Бас прокуратурасы басқармасының аға прокуроры:

- Алаяқтар бақыланбайтын SІР-телефония және Simbox құрылғыларын заңсыз пайдаланып, отандық абоненттік номерлерді SIM-карталарды және азаматтардың жеке деректерін кедергісіз сатып алып отыр. Бүгінгі күні интернет қауіпсіздігінің әлі де әлсіз тұстары байқалады. Алаяқтыққа қарсы күрес шаралары, яғни бірқатар жұмыс атқарылды. 2023-24 жылдарға арналған жол картасының тармақтары іске асырылып жатыр. Бүгінгі күні 60 миллионнан астам жалған қоңырау бұғатталды.

Бұдан бөлек, биыл Қазақстан азаматарын елге экстрадициялау 24%-ке артты. Осылайша, өзге мемлекетте сотталған қазақстандықтарды өзімізге тапсыру жұмысы күшейтілді. Сондай-ақ бүгінде еліміздегі түзету мекемелерінде мыңнан астам шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр. Ал олардың әрі қарай жазасын өтеу үшін өз отанына тапсыру бойынша 200-ден астам өтініш қаралып, 157-сі қанағаттандырылды.

Әсел Беркалиева, ҚР Бас прокурорының көмекшісі:

- Бас прокуратура іздеудегі қылмыскерлерді беру туралы шетелдік құқық қорғау органдарының екі есе көп сұрауларын қарастырды. 114-тен 232-ге дейін өсті. Мұндай сұраулар бойынша 199 шетелдік қылмыскер әртүрлі қылмыстар үшін, соның ішінде кісі өлтіргендер 17, зорлағау 9, терроризм және басқа да қылмыстар үшін экстрадицияланды. Шетелде 900 Қазақстан азаматы жазасын өтеп жатыр.

Сотталғандарды Қазақстанға қабылдау бойынша 44 өтініш қаралып, оның 38 қанағаттандырылды.

Бүгінде салада гендерлік саясат та сәтті жүзеге асып келеді. Жігітке тән саналатын қызметте қазір нәзік жандар да сап түзеп жүр. Солардың бірі – Айжан Аймағанова. Резонанс тудырған атышулы «Бишімбаевтің ісінде» мемлекеттік айыптаушы ретінде халыққа танылды. Әділдік іздеп шарқ ұрған ол қазір Астана қаласы прокуратурасы Мемлекеттік айыптауды қолдау және апелляциялық сатыға қатысу басқармасының бастығы қызметінде абыройлы еңбек етіп келеді.

Айжан Аймағанова, қала прокуратурасының басқарма бастығы:

- Бастысы адамгерішілік қасиеттерді жоғалтпай, адал еңбек ету керек деп санаймын. Прокурордың қылмыстық процестегі атқаратын рөлі көпқырлы. Сотта жиналған материалдарға тәуелсіз баға беруге, азаматтардың құқығын бұзудың жолын кесуге, кінәсіз адамдардың қылмыстық процеске тартылуына жол бермеуге, барынша әділ болуға күш саламын.

Гендерлік саясат елдің орнықты дамуына бастап отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет айтқан еді. Ол: «Мансаптық өсуге жас пен жыныстың кедергі болмауы тиіс», – деді. Сондай-ақ басшылық қызметтегі әйелдердің санын арттыру қажеттігін айтты. Қазір саладағы ерлер мен нәзік жандар Президенттің «Заң мен тәртіп» үстемдік ететін қоғам құру тапсырмасына сәйкес қызметін атқарып жүр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Марат Диханбаев.