Астанада насыбай сатқандарға айыппұл салынды
Биыл наурыз айынан бастап елорданың 5 ауданында насыбай мен вейп сатқандарды анықтау мақсатында рейдтік шаралар басталған болатын.
Осы күнге дейін тәртіп сақшылары құны 70 млн теңгеге жететін 14 тонна насыбайды тәркілеп, жойған. Полицейлердің ескертулерінен кейін заңсыз тауар саудасы біршама тыйылды. Дегенмен, жасырын өткізіп жатқандар да бар екен.
Бұл Байқоңыр ауданындағы «Астаналық», ел аузында «Артем» аталып кеткен базар. Саудасын қыздырған сатушылар мұндай рейдтік шараларға үйренген. Себебі мұнда тәртіп сақшылары мен әкімдік қызметкерлері бір емес, бірнеше мәрте насыбай сатқандарды анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
- Насыбай сатпаңыздар. Насыбай сатуға заңмен тыйым салынған.
Сатушылар заң ережелерін қатаң сақтап жүрген сыңайлы. Себебі рейд барысында бұл базардан тыйым салынған тауар табылмады. Есесіне жақын маңдағы сауда нүктесінде тәртіп сақшыларының ескертулерін елемегендер анықталды.
- Енді сатпаймын. Өткенде ұсталдым ғой.
Өткеннен сабақ алдым деп ақталған саудагердің бұл жолғы айласы іске аспады. Учаскелік полицей саудаға қойылған өнімдер арасына жасырып қойған 3 пакет насыбайды тапты.
- Апай, қараңыз. Сіздің тарапыңызға ӘҚК 196-бабы бойынша әкімшілік хаттама жазылады. Ол жерде 30 АЕК айыппұл көзделген. Айыппұл төлейтін боласыз. Жақсы ма?
Ал тыйым салынған тауардың барлығы тәркіленіп, кейін толық жойылады.
Нәби Омар, учаскелік полиция инспекторы:
- Марттың басынан бастадық қой. 18 марттан бастап рейдтер жүргізілді. Қаншамасын алдық. 3 тоннадан көп изьятие бердік біз. Осы 27-опорный пункттің қызметкерлерімен, 3 тоннадан астам изьятие болды март айынан бастап. Қазір азайды.
Айта кету керек, биыл наурыз айынан бастап елорданың 5 ауданында осындай рейдтік шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Нәтижесінде осы күнге дейін құны 70 млн теңгеге жететін 14 тонна насыбай тәркіленіп, жойылған.
Риат Шони, Диас Қобыланбаев