Шалғай ауылға кең жолақты мобильді интернет желісі тартылды
Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Шилібастау ауылы сапалы байланыспен және жоғары жылдамдықты ғаламтор желісімен қамтылды.
Ауыл тұрғындары жергілікті билік өкілдерінің алдында бұл мәселені көптен бері көтеріп келген. Жақында 800 тұрғыны бар шалғай елді мекенге 4G стандартындағы биіктігі 32 метрлік мобильді интернет мұнарасы орнатылды. Сол арқылы байланыс жақсарып, электрондық мемлекеттік қызмет алу, тұрғын үй-коммуналдық төлемдерін жасау және қашықтан білім алу мәселелері оң шешімін тапты. Алматы облысында 368 ауыл бар. Соның 345-і кең жолақты мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. 2027 жылға дейінгі жол картасы бойынша қалған ауылдарға да осындай құрылғылар орнатыла бастайды.
Тұран Жанбота, облыстық цифрлық технологиялар басқармасының бас маманы:
- Сол жол картаға сәйкес, осы шилібастау ауылында базалық стансасын орнатып, ауылды мобильді интернетпен қамтамасыз етті. Осы жол картаға сәйкес, тағы да жылдың аяғына шейін Ұйғыр ауданының Рахат ауылында мобильді интернет қосылады және 2025 жылдың басында Қоскүмбез және Арқар ауылдарында мобильді байланыс операторының интернеті іске қосылатын болады.
Балдырған Байтұрбаева, Шилібастау ауылының тұрғыны:
- Қазіргі таңда мына антеннаны орнатқалы интернет желісі жақсы қызмет атқаруда. Балаларымызға керекті материалдарды тез тауып, қуанып жатырмыз. Осы аудан орталығынан шалғай жатқан ауыл болса да, бізге осындай көңіл бөліп бүгінгі таңда, осындай балаларымызға, ауылымызға қуаныш сыйлаған азаматтарға алғысымыз шексіз.