Қазақстанның инновация әлеуеті Дохада таныстырылады
Қазақстан АЙ-ТИ саласын ілгерілетуде өзге елдерден көш ілгері келеді.
Қазір елдегі ай-ти компаниялардың саны 20 мыңға жуықтаған. Ал осы салада еңбек етіп жатқан отандастарымыздың қатары 187 мың адамға жетіп отыр. Үйренетін дүниеміз әлі де көп, үйрететін, өзгелерге үлгі болар жөніміз де бар. Елдің инновациялық жетістіктері Дохада өтетін форумда таныстырылады. Маңызды жиынға әлемдік саясат көшбасшылары қатысып, түйткілді мәселенің түйінін жаңа технологиялар көмегімен тарқату жолдарын талқыға салады.
Жаһанды тығырыққа тіреген жағдаяттардың барлығы бірдей дипломатия тілімен шешіле бермейді. Экономика мен геосаясатта цифрлық технологиялардың маңызы арта түсуде. Әлем елдері тап болған сын-тегеуріндерді ақыл-ой жетістіктерімен шешудің жолдары Доха форумында кеңінен талқыға салынады. Ай-ти саласындағы әлемнің көшбасшы мемлекеттері қатысатын айтулы форумда Қазақстанның да өз айтары бар.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
- Жалпы бұл форум бізге не береді дегенді қарайтын болсақ, Қазақстан ақпараттық технологиялар саласында біршама жетістікке жеткен. Соның ішінде финтех технологиялары да жақсы жетістікке жетіп жатыр. Әлемге танылып жатыр. Қатар мемлекетінде күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі – ол осы инновациялық ақпараттық технологияларды дамыту болып отыр. Сол себепті мүмкін жаңа серіктестіктер, жаңа бір стартап жобаларды қаржыландыру болсын инвестиция әкелу болсын немесе бірлескен бір жобаларды құру бойынша келіссөздер болуы әбден мүмкін.
Еліміз біртіндеп шикізаттық сектордан арылып, ақыл-ой жетістіктерін экспорттауға көшкені қуантады. Айталық, Қазақстанның Smart Data Ukimet, Smart Bridge және GOV.KZ сияқты жобаларына қызығушылық танытып отырған мемлекеттер көп. Ал 2018 жылы іске қосылған Астана Хаб ай-ти салаға тың серпін берді. Технопарк бүгінде 1,5 мың қатысушыны біріктіріп отыр. Оның ішінде 437 шетелдік компания бар. Сондай-ақ, еліміз ағымдағы жылы Digital Nomad Visa бағдарламасын іске қосты. Жоба аясында әлемнің ең мықты айти мамандарын елімізге тарту көзделген. Бұл Қазақстанның ииновациялық технологиялар саласында көшбасшылыққа ұмтылысын білдіреді.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
- Бұл форумда жасанды интеллектке үлкен назар аударылып отыр. Сонымен қатар мына жасанды интеллекті алатын болсақ 2030 жылға қарай сарапшылардың пайымдауынша жаһандық экономикаға 18 трлн доллар көлемінде жаңа құндылық әкелуі мүмкін. Демек, әлемдік экономиканы 18 трлн долларға арттыруға мүмкіндік ашады. Осы мәселелерде тілге тиек болады деп ойлаймын. Бұл бағытта көп мемлекеттер бәсекеге түсіп жатыр. Қазақстанда бұдан қалыс қалмаудың амалдарын қарастырып жатыр.
Дохадағы форумда еліміздің осы саладағы жетістіктері паш етіледі. Бұдан бөлек Қатар-Қазақстан екінші инвестициялық форумы жоспарланған. Айталық, Қазақстан Президентінің бұған дейінгі Қатарға жасаған сапарында 17,6 млрд долларды құрайтын маңызды 12 құжатқа қол қойылған еді. Қатардың жаңа қаржылай салымдары отандық экономикаға қан жүгіртіп қана қоймай, болашақта халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етпек. Әр келісім – әрбір қазақ баласына сенімді болашақ қалыптастыруға жасалған қадам.
Айдар Әмребаев, саясаттанушы:
- Мемлекетаралық қарым-қатынастар турбуленттік жағдайда болып жатқаны барлығымызға мәлім. Сондықтан енді әр түрлі мүмкіншіліктерді пайдаланып қалу, оған ұсыныс тастау және тағы Қазақстанның өз мүддесін әлемдік деңгейде көрсете білу меніңше негізгі бірінші мақсат деп айтуға болатын шығар.
Ақшаны инвесторлар кез келген мемлекеттерге сала бермейді ғой. Оның бір жағдайы болу керек. Тұрақты саяси жүйесі қалыптасуы керек, саяси мәдениеті болу керек, құқықтық мемлекет қалыптасуы керек дегендей.
Инвестиция тек қаржы емес, ол озық тәжірибе, дамыған технология, заман талабына сай білім мен инновация көзі. Демек, бұл жиын еліміздің айти индустрясын ілгерілету үшін маңызды оқиға болмақ.
Риат Шони, Қуандық Танабас