Павлодар облысында 200-ге жуық жылыту пункті жұмыс істейді

Қыс мезгілінде Павлодар облысы бойынша екі жүзге тарта жылыту пункттері қызмет етеді, деп хабарлайды 24kz.

Олардың 39-ы жол бойында орналасқан. Өткен маусымды сараптай келе, Төтенше жағдайлар қызметі кешенді жұмыс жоспарын бекітті. Жеке құрамнан екі мыңдай адам, мыңға тарта техника дайын тұр. Қарлы боран немесе аязды күнде жолда қалған жолаушыларды уақытша паналататын орталықтардың жұмысы тағы бір мәрте пысықталды.

Екі жыл бұрын Екібастұзда болған коммуналдық апат кезінде қаладағы білім және мәдениет ошақтары жылыту пунктіне айналды. Онда жылусыз қалған қала тұрғындарымен қатар еліміздің түкпір-түкпірінен көмекке келген жұмысшылар уақытша орналасты. Павлодар – Семей республикалық маңызы бар тасжолдың бойында тұрған Кенжекөл ауылында Мәдениет үйі де жылыту пунктінің қызметін атқарады.

Сандуғаш Асаубаева, Мәдениет үйінің директоры:

- Өткен екі жылдың ішінде екі жағдай болды, кісілер біздің Мәдениет үйінің ішінде орналасты. Түнгі уақытта біздің күзетші ағаларымыз оларды жаңағы қабылдап, шайларын беріп, осы кісілерді. Өйткені олар инструктаж бойынша барлығын біледі. Сондықтан келген кісілерді қабылдап алды.

Өзінің функционалдық қызметін атқарып тұрған мекемені жылыту пунктіне айналдыруға айналасы 10 минут керек екен. Төтенше жағдайлар қызметі аязды күндері тоқтап қалған автобус жолаушыларын жақын маңдағы қосынға жайғастырады. Ал, тез арада ыстық тамақ ұйымдастыру жергілікті әкімдікке жүктеледі. Ыстық тамақ ұйымдастыру бойынша облыс көлемінде 139 келісімшарт жасалған.

Медет Сансызбайұлы, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі:

- Үш мәрте ас мәзірі келісімшарт бар бізде. Жататын жерлері бар жаңа көргендеріңіздей. Оларды алып келіп, алып кету автобус көліктермен қамтамасыз етеміз. Осындай жұмыстар жасалып жатыр. Жалпы өзімнің қызмет ету уақытымда үш мәрте осындай жағдай орын алды. Бірінші Семей Павлодар трассасында адамдар тасымалдайтын автобус қалып қойған 50 адамға жуық.

Ыстық тамақ, жайлы төсек-орыннан бөлек, медициналық көмекке жүгінетіндер де кездеседі. Игорь Колесниченконың апаттық медициналық орталыққа жетекшілік еткеніне сегіз жылдан асты. Айтуынша, әрбір шақырту маңызды. Төрт маманнан құрылған бригада бір мезетте зардап шеккен 30 адамға алғашқы медициналық және психологиялық көмек көрсетуге кәсіптенген. Бір жылда бес жүзге тарта шақырту алады. Жарақат алған 400-дей адамға шұғыл көмек көрсетеді.

Игорь Колесниченко, апаттық медицина орталығының жетекшісі:

- Қыс мезгілінде автокөлік бұзылады, боранды күндері жолдарды қар басып, көліктің жүруіне қиындық тудырады. Біз ең алдымен адамдарды құтқарамыз. Ал жазда жол-көлік апаттары, елді мекендерде өрт шығады. Өндіріс орындарында техногенді сипаттағы жағдайлар туындайды. Соның бәріне барамыз.

Жалпы облыс бойынша 10 мың адамға арналған екі жүзге тарта жылыту пункттері жасақталған. Олардың бәрі жылу беретін құралдармен жабдықталды.

Рустамбек Амрин, облыстық ТЖД бастығы:

- Біз бүгін облыс бойынша құрылған 189 жылыту пунктінің біріне келдік. Шұғыл көмекке қажетті заттардың бәрі бар. Ана мен бала бөлмесі, асхана, жатын орын дайындалған. Мұндай жағдай біздің тәжірибемізде бар. Өздеріңіз білесіздер, Екібастұз қаласында болған коммуналдық апат кезінде жылыту пункттері тиімділігін көрсетті. Сондықтан бұл өте маңызды деп ойлаймын.

Қыс мезгілінде оқыс жағдайлардың алдын алуға жеке құрамнан 2 мыңдай адам жұмылдырылады. Мыңға тарта қар тазалау және эвакуациялық көліктер жолға шығады. Оның 145-і жол талғамайтын техника бірліктері.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков