Оралдық етікші апа 36 жыл бойы аяқ киім жөндеумен айналысады

Етікшілік әдетте ер-азаматтардың кәсібі саналады. Бірақ осы мамандықты меңгерген әйелдер де ішінара ұшырасады, деп хабарлайды 24kz.

Орал тұрғыны Роза Әбірова – солардың бірі. 40 жыл бойы аяқ киім тігіп-жөндеумен айналысып келе жатқан ол 65-ке келсе де, жұмысынан қол үзбеген.

Құрманғазы көшесінде өз шеберханасын ашып, аяқ киім жөндеумен айналысатын Роза апайды оралдықтардың біразы біледі. Қашан келсең де, жылыұшырай қарсы алып, шаруаңды тап-тұйнақтай қылатын етікшіге көптің көңілі толады.

Гүлнәр Қадырәлиева, қала тұрғыны:

- Көптен бері білеміз. Үнемі келіп тұрамыз. Аяқ киім болсын, сумка болсын, чемодан болсын, құлағы түсіп қалса да, бәрін әкеп береміз, күшті жасайды. «Топ №1» дей ме? Адамгершілік жағынан сөз жоқ.

Роза Әбірованың етік тіге бастағанына биыл 36 жыл. Осы мезгілде жүз мыңдаған аяқ киім алдынан өткен шығар. Айтуынша, әу бастағы мамандығы есепші. Бірақ 26 жасында тігін фабрикасына келген. Содан бері етікшілікке көңілі құлаған. Бүгінде зейнетке шықса да, жұмыстан қол үзген емес. Бір күнін босқа өткізбейді.

Роза Әбірова, етікші:

- Жата алмаймын үйде. Жатуға болмайды. Таңертең тұрам, жұмысқа кету керек, бітті. Негізі әңгіме ақшада емес, пенсиям бар, балаларым бар. Жетеді ғой, шүкір. Бірақ жұмыс жасағым келіп тұрады үйреніп алғасын.

Роза апа ескі етіктерді, көне былғары бұйымдарды жөндейді, қайта тігеді, жасартады. Жаңасын да жасайды. Мысалы би үйірмесіне қатысатын қыз балаларға арналған мынадай туфлилерге тапсырыс берушілер көп.

Роза Әбірова, етікші:

-Мынадай былғарыдан мынадай туфли шығады ғой мына кішкентай қыздарға, етік ансамбль жігіттеріне. Тапсырыс көп бізге. Ақсай қаласынан келеді, Атыраудан келеді. Чапайдан келеді аудандардар. Ақтөбе қаласынан да келіп жатады. Көреді ғой, интернеттен көретін болар.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Көздің майын тауысып, етік тігу, әрине, оңай шаруаның санатынан емес. Ол аса ыждағаттылықты, ептілікті, темірдей төзімді талап етеді. «Ерінбеген ғана етікші болады» деп халқымыз бекер айтпаған. Мәселен мынадай балалардың бір туфлиін жасап шығаруға шеберлердің жарты күн уақыты кетеді екен.

Етікшінің көмекшісі де бар. Оганес Маргарян Роза Әбірова дайындаған туфлидің беткі қабаттарына табан жапсырып, тақа қағады.

Оганес Маргарян, етікші:

- Розаны 30 жылдан бері танимын. Өз кәсібіне адал, шебер адам. Әрине, етікшінің жұмысы жеңіл емес. Бірақ балалардың сен тіккен туфлилерді киіп, сахнада билеп жатқанын, теледидардан көргенде қуанып, өз ісімізге марқайып, мақтанып қаламыз.

Етікші мамандығын табыс көзіне айналдырып, 65 жасында адал еңбегімен елдің алғысына бөленіп отырған Роза Әбірованың тірлігі жастарға үлгі.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов