Оралда апатты үйлер азайып келеді

Орал қаласында апатты жағдайдағы үйлер азайып келеді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір қалада апатты 55 үй болса, жарты ғасыр бұрын пайдалануға берілген 310 үй бар екен. Тозығы жеткен үйлерді жаңғырту ісі реновация бағдарламасы аясында шешімін табуда. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында соңғы 8 жылда шаһарда 34 апатты үй сүріліп, орнына 16 жаңа көпқабатты үй бой көтеріпті. Қазір 6 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Үш жақты келісімге сәйкес апатты нысанның орны инвесторға тегін беріледі. Ал құрылыс компаниясы өз кезегінде сол жердегі меншік иелеріне бұрынғы баспанасынан кем емес көлемде жаңа пәтер беруге міндетті. Қаладағы Молдавская көшесінде кезекті үй пайдалануға берілді.16 пәтерлік үйдің орнына 2 жылда 80 пәтерлік үй салыныпты.

Наталья Шишлова, Орал қаласының тұрғыны:

- Өте қуаныштымыз жаңа баспаналы болғанымызға. 1958 жылы салынған ескі үйдің қабырғасы жарылып, әні-міне құлай ма деп қорқып жүрдік. Жамап-жасқағанмен пайда болмады. Содан үйді апатты деп танығаннан кейін әкімдік құрылыс компаниясын тауып берді. Құрылыс 2 жыл 3 ай жүрді. Осы мезгілде біз пәтер жалдап тұрдық, пәтер ақысын кәсіпкер өзі төледі.

Нұртілеу Шайдығалиев, Орал қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл нысан жалпы 2022 жылы тұрғындармен келісіп, үш жақты әкімдік, тұрғындар, құрылыс компаниясы тарапынан меморандумға қол қойылды. Әкімдіктің міндеті осы жер учаскесін рәсімдеуге көмектеседі. Коммуналдық мекемелердің рұқсаттары, су тартуға, жарық тарту, жылу тартуға ең жақын аймақтан беруге. Олар шығындалмас үшін құрылыс компаниялары, сол жақтан біздер көмек, қолғабыс етеміз.