Қызылордада сотталғандарға электронды білезік тағыла бастады

Қызылордада бас бостандығынан айырылғандар электронды білезік таға бастады, деп хабарлайды 24kz.

Смарт құрылғы арқылы оларды тәулік бойы бақылауға болады. Жергілікті бюджеттен 84 млн теңге бөлініп, 142 электронды құрылғысы сатып алынды. Тың жобаның тиімділігі бар ма?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Құрылғының пішіні смарт сағатқа ұқсайды. Қолға тағып жүруге ыңғайлы. Білезікке GPS орнатылған. Сол арқылы бақылауға алынған адамның нақты қай жерде жүргені көрініп тұрады. Мұндай құрылғы үйқамаққа алынғандарға шартты түрде жазасын өтейтіндерге тағылды.

Жазасын өтеуші:

- Алдында күнде, екі-үш күнде бір тексеретін. Қазір аптасына бір рет келіп тексереді, он шақты күнде. Мені компьютер арқылы қай жерде жүріп-тұрғанымды бақылап отырған соң, бұл өзіме де тиімді.

Мына монитордан білезік тағылған адамдардың қайда жүргенін көруге болады. Олар туралы ақпарат арнайы серверде 15 жылға дейін сақталады. Құрылғыны шешіп тастау мүмкін емес. Құрылғы зақымданса, басқару орталығына дабыл беріледі.

Биқожа Жұмаш, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

- Сондай-ақ ақпараттық жүйеде әрбір тұлғаға пробация есебіндегі болсын, үйқамақтағы тұлғаға болсын электронды шекаралар құра аламыз. Егер де осы тұлға осы шекаралардан шығып кететін жағдайда бізге ол туралы дабыл келеді ақпараттық жүйеге. Біз сәйкесінше, шаралар қабылдаймыз.

«Мұндай инновациялық шешім құқық қорғау органдарының жұмысын ұтымды ұйымдастыруға және қылмысты азайтуға мүмкіндік береді», - дейді мамандар.

Ризабек Ожаров, Қызылорда облысының прокуроры:

- Электронды бақылау құрылғысы тағылған жазасын өтеушілердің тәртіп бұзуына қатысты 4 дерек анықталды. Оның ішінде бір сотталушы бас бостандығынан айырылды.

Электронды бақылау құралы облыс бойынша қылмыстық атқару жүйесінің тізіміндегі 142 адамға тағылды. Алдағы уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын қорғауға қатысты осындай смарт білезіктер қолданылуы мүмкін.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Ақан Әлиев, Айтмұхамбет Байділдаев