Құқық қорғау саласында қызмет ететін әйелдер үлесі жыл санап артып келеді

Еліміз гендерлік саясатты іске асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді, деп хабарлайды 24kz.

Қазір түрлі салаларда ер азаматтармен иық тіресе қызмет атқарып жүрген нәзікжандылар жетерлік.

Қызметтің қиындығына қарамай, уақытпен санаспай антына адал, қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың бірі – Наталья Аханова. Ол еңбек жолын осыдан 26 жыл бұрын тергеушінің көмекшісі болып бастаған. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде қарапайым маманнан басшылық лауазымға дейін өсті. Кейіпкеріміз өмірлік серігін де осы саладан жолықтырған.

Наталья Аханова, Қарағанды қ. ПБ Октябрь полиция бөлімі анықтау бөлімшесінің бастығы:

- Қазіргі заманда әйел тәуелсіз, білімді, өз мамандығымен танысып, жаңа салалар мен бағыттарды меңгеруге ынталанады. Әйел басшылардың негізгі жұмыс мотивациясы ақша емес. Қызықты жобалар мен интеллектуалды сынақтар. Менің ойымша, әртүрлі үлгілі тұлғалардың болуы, сондай-ақ, әйелдердің басқа әйелдерге арналған медиажобаларын қолдау маңызды.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін құқық қорғау саласында қызмет етіп жүрген келесі кейіпкер аруымыз – Меруерт Әбдіқадырқызы. Ол ішкі істер органдарында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп, өзін білікті басшы ретінде таныта білген маман. Қызметін мінсіз атқарғаны үшін Ішкі істер министрі, Департамент басшылары мен облысы әкімі тарапынан «Құрмет грамотасы», «Грамота» және «Алғыс хаттармен» марапатталған. Жалпы Түркістан облысында мемлекеттік органдарда 5650 адам қызмет етеді. Оның 1500-ден астамы әйелдер.

Меруерт Әбдіқадырқызы, Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары:

- Бұл салада қызмет атқарып келе жатқан әйелдер теңдей темірдей тәртіпке бағынады. Ерлермен теңдей иық тіресіп қызмет атқарып келеміз. Жыл сайын құқық қорғау саласында, керісінше, әйелдер саны артып келеді. Артымыздан еріп келе жатқан сіңлілерімізді Әлия, Мәншүк апаларымыз сияқты бірлесіп қызмет атқаруға шақырамын.

Құқық қорғау саласында қызмет ететін әйелдердің үлесі жыл санап артып келеді. Қазір ішкі істер органдарында барлығы 16 мыңнан астам әйел қызмет етеді. Оның 800-ден астамы басшылық лауазымдарда.

Авторы: Дильназ Тұрғазыева