Ақтөбелік жомарт жандар соғымнан сыбаға таратты
Халық жадындағы дарқан дәстүр қайта оралды. Ақтөбелік жомарт жандар соғымнан сыбаға таратты. Өңірде өткен «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі мәресіне жетіп, ауқымды қайырымдылық шарасына ұласты.
«Өкпе бер, бауыр бер, сыбағамды тәуір бер» дейтін қазақ халқында бұл дәстүр ежелден қалыптасқан. Алыс-жақын ағайын мен көрші-көлем, дос-жаранға соғым етінен кәделі мүше үлестіріп, қолда барымен бөлісу – мәрттік пен ізгіліктің алғышарты. Облыс әкімдігі бастамасымен қалың бұқараға қайта оралған қазақы салтты өңірдің бірқатар кәсіпкерлері қолдады. Атымтай жомарт жандар ірі қара, жылқы мен түйе сойып, етін таратты.
Амантай Үмбетай, кәсіпкер:
- Ата-бабаларымыздың ұстанып келе жатқан өте бір жақсы дәстүрлерінің бірі ол осындай соғым басталған кезде әрбір үйге, әрбір отбасыға мейлінше сыбаға таратады. Ол ағайындарды, елді тұтастыратын, ынтымаққа шақыратын және де өз қолындағысын бөлісе білетін сондай бір жақсы ниет.
Бес күнге созылған «Сыбаға» ұлттық дәстүрлер фестивалі аясында ұйымдастырылған қайырымдылық шарасы мыңға жуық мұқтаж жанды қамтыды. Олардың ішінде ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, жалғызбасты көпбалалы аналар сияқты қоғамның осал топ өкілдеріне сыбаға үлестірді.
Алтын Әмірова, қала тұрғыны:
- Сіздерге көп-көп рақмет айтқым келеді. Осындай қазақша дәстүрді еске түсіріп, дәстүрді ұстанып, осындай керемет сыбаға әкеліп жатқаныңызға көп рақмет айтамын. Біздер сияқты мұқтаж жанға керемет көмек болады. Қазағымның барлық дәстүрі керемет қой.
Ұлттық болмысты паш етіп, дәстүрімізді дәріптеуге бағытталған ауқымды шараның тағы бір мақсаты – көңілі қаяу жандарға медеу болу. Бұл да жетімін жылатпаған қазақпен бірге жасап келе жатқан ғұрып. Тұрғындар өңірде өткен «Сыбаға» фестивалі де дәстүрге айналып жалғасын табуға тілектестігін білдірді.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов.