Қазақ тазысы сарбаздармен бірге сапта жүр
Елдегі ең жүйрік қазақ тазысы әскерде жүр. Сағатына 70 шақырым жылдамдықпен жүгіретін шашақ құлақты Ақмола облысындағы әскери бөлім сарбаздарының айнымас серігіне айналған, деп хабарлайды 24kz.
«Айқас» атты бітімі бөлек тазы ит жеке құраммен бірге әнұран шырқайды.
Қамбар Бекенов, тілші:
- Бұл – Айқас есімді ақылды ит. Тазы тұқымды жануар 3 жылдан бері әуе қорғанысына жауапты әскери бөлімде қызмет етеді. Төртаяқты сақшының сүйікті орны – саптық алаң. Сардарлар бұйрығы естілісімен сарбаздардан бұрын келіп, ту тігілген тұғыр жанына тұрып алады. Айқастың «әншілік» өнері биылғы жаздан бері байқалған. Қазір әскери қызметшілермен қатар сап түзеп, мемлекет гимн орындап жүр. Ал, жүйріктігіне келсек, соңғы жылдары «жауынгер» тазы 700 метр мен бір жарым шақырымдық жарыста оқ бойы озық келеді.
Нұрлыбек Серікұлы, 44813 Әскери бөлімі штаб бастығының орынбасары:
- Соның бірін атап өтетін болсам, 2024 жылдың 13 қазан күні Аршалы ауданында республикалық «Алтын қазына» шырға тарту сайысында 1-орын жеңіп алған тазы. Және де дала сынағы «Салбурын-2024» Ақтөбе облысында өткен сайыста жүлделі орын алды.
Елорда аспанының қауіпсіздігіне тікелей жауапты әскери бөлімге Саян Азаматұлы 7 ай бұрын Тараздан келген. «Аумақты күзету кезекшілігінде әркез Айқасты ертіп шығамын», - дейді сарбаз. Өйткені құмай тазы қыбыр еткенді қалт жібермейтін қырағы, дереу белгі беретін саққұлақ екендігін дәлелдеген.
Саян Азаматұлы, 44813 Әскери бөлімінің сарбазы:
- Таңымыз таңғы таралымда Айқаспен басталады. Азаннан кешке дейін Айқас қасымызда. Тәуліктік кезекшілікке түскенде де Айқас жанымда жүреді. Адал серігіме айналды, өзіміздің досымыз секілді болып кетті. Жауынгерлік жаттығуларда неше түрлі жүгірсек жүгіреді, секірсек секіріп, қасымызда жүреді.
Саятшылыққа жаралып, бірақ «әншілікке» бет бұрған Айқас дыбыс қабылдағыш локаторлар орналасқан төбешіктерге жиі шығады. Алысқа көз тастап, тың тыңдайды. Аңшылықты аңсайтын да секілді. Дегенмен, оның әскери қызметі әзірге аяқталмайды.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Махмұтов