Алматының коммуналдық қызметтері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті

Алматыда коммуналдық қызметтер күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті, деп хабарлайды 24kz.

Бүгін таңғы сағат 04.00-ден бастап қар жауған қарды аршуға 600 техника мен 1500 жұмысшы жұмылдырылды. Оған қоса, жолға көктайғаққа қарсы құм мен тұз араласқан қоспа себіліп жатыр. Түске дейін көшелер мен жаяу жүргіншілер жүретін жолға 1500 тоннадан астам реагент шашылған. Ал, шағын техникалар тротуар, көлік аялдамалары ,саябақтар мен алаңдар сияқты қоғамдық орындарды тазалап жатыр. «Қазгидрометтің» мәліметінше, қар түнгі сағат 22.00-ге дейін жаууы мүмкін. Қазір ақ ұлпаның қалыңдығы 4 см-ге жеткен. Түнде ауа температурасы 11-13 гардусқа дейін төмендейді деген болжам бар.

Қымбат Әбдірахманова, қала тұрғыны:

- Алматыға да қар жауып жетті. Ауа райы тамаша болып тұр. Таңертеңнен қар жауып, арнайы техника жолды тазалап, жөндеп қойған. Оған өте ризамын. Мен жер үйде тұрамын. Мен де қазір үйге барып, қарды тазалауға тырысамын.

Елдос Оразалы, қала тұрғыны:

- Жалпы бүгін азаннан бастап қар жауған. Бағана жолда жүріп бара жатқанда барлық сол техника жолдың бәрін тазалап, дұрыстап жатқан. Соны көріп, риза болдым.