Қ. Сатыбалдыұлы мемлекетке 732 млрд теңгенің мүлкін қайтарды
«Қазақтелекомның» бұрынғы акционері Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық іс елдің назарында. Бүгінге дейін 732,8 млрд теңге болатын мүліктік активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды. Елде орналасқан нысандар құны 158 млрд теңгеден асады. Бұл үй, жер учаскесі, тұрақтар, медреселер, аяқталмаған құрылыс нысаны сынды 73 жылжымайтын мүлік, ал жылжымалы мүлік 40-қа жуықтайды.
Бұдан бөлек, әкімшілік ғимарат мен люкс нысандар бар. Мәселен, Қайрат Сатыбалдыұлының резиденциясы қазір Астана қаласының Білім басқармасына берілген.
Маржан Үмбетәлиева, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі:
- «Қазақтелеком» операторының лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істің нәтижесінде бірқатар ғимараттар қайтарылды. Оның ішінде Байсат базары, Арион, басқа да ғимараттар мемлекетке қайтарылып жатыр. Бүкіл қайтарылған объект әлеуметтік объектілеріне қолданылады. Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты қылмыстық істің нәтижесінде алтын бұйымдар қайтарылды. Тарихи заттар бар, солар да қайтарылды.