Биыл Жетісу облысын газдандыру көрсеткіші 57%-ға жетті

Жыл соңына дейін Жетісу облысында 13 елді мекен көгілдір отынға қосылады, деп хабарлайды 24kz.

2017 жылдан бастап қолға алынған жұмыс нәтижесінде халықтың жартысынан астамы өркениет игілігін көріп отыр. Биыл аймақты газдандырудың екінші кезеңі басталды. Талдықорғаннан Үшаралға қарай магистральді газ құбыры тартылып жатыр. Жалпы өңірдің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қарқынды. Бірнеше көпқабатты үй салынып, 1400 отбасы баспаналы болды. Спорт ғимараттары, медицина нысандары, мәдениет ошақтары мен мектептер халық игілігіне тапсырылды.

Көксу ауданындағы 26 ауылдың 17-сіне табиғи газ тартылған. Жақында Кеңарал елді мекеніне де көгілдір отын жетті. Алғашқылардың бірі болып Фарида Жамалханның үйі газ желісіне қосылды.

Фарида Жамалхан, Кеңарал ауылының тұрғыны:

- Біз өзіміз отбасымызда 8 адам тұрамыз. Үйімізге енді газ қосылып, қуанып жатырмыз. Қыстың аязды күндері газдың жылуын сезінетін болдық.

Азамат Беспаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасы басшының орынбасары:

- 192 елді мекен газдандыруға жатады. Бүгінгі күні 51 елді мекен газдандырылды. Тағы да желтоқсан айының соңына дейін 13 ауыл қосылады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бар – 2025 жылдың соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласына дейінгі 126 елді мекенді толық газдандыру. Сол бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.

2023 жылы өңір тұрғындарының 38%-і ғана табиғи газ тұтынатын. Биыл бұл көрсеткіш 57%-ға жетеді. Бұдан бөлек, облыстағы елді мекендерді газдандырудың екінші кезеңі басталды.

Ол бойынша Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі 300 шақырымға құбыр тартылады. Маңызды жоба 120 мыңнан аса адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл ауданындағы елді мекендерге көгілдір отын жеткізуге мүмкіндік береді.

 

Биыл 1400 отбасы баспаналы болды

Биыл аймақтағы 1400 отбасы жаңа баспанаға ие болды. Жыл соңына дейін олардың саны 3400-ден асады. Көпбалалы және әлеуметтік санат бойынша тіркеуде тұрған азаматтарға басымдық беріледі. Талдықорған қаласының тұрғындары да жақында қоныс тойын тойлайды. «Құлагер» ықшамауданындағы үш үйдің құрылысы аяқталды. Учаске басшысы Садыржан Сыдықов пәтер кілтін табыс ететін күнді тағатсыздана тосып жүр.

Садыржан Сыдықов, құрылыс учаскесінің басшысы:

- 89 пәтерлі екі үйді бір жыл екі айда бітіріп, әкімдікке өткізіп болдық. Енді бұл үйлерді әкімдік өздерінің тұрғындарына таратып болғаннан кейін 693 адамға кілттерді тапсырып, әрбір пәтерді өткізіп беріп, қолхат алып, содан кейін мына жерден шығамыз. Шыққаннан кейін екі жылдық гарантиямыз бар.

Әділбек Бапақов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Биыл 37 мың шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы берілді. Оған 346 пәтерден тұратын 11 несиелік тұрғын үй және жалға берілетін 97 котеджіміз бар. 2025 жылға келсе, 49 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үйді береміз деп отырмыз.

 

Басқан өзенінің бойында су электр станциясы салынып жатыр

Облыста энергия өндірісін арттыру мақсатында Басқан өзенінің бойында ГЭС салынып жатыр. Оның құрылысы биыл аяқталады. Жетісу облысында жел, күн және гидроэлектр станцияларының он бесі бар. 2025 жылы олардың қатары тағы үш ГЭС-пен толығады. Ал 2026 жылға дейін 8 нысан электр тоғын өндіреді. Аймақта осындай жобаларды жүзеге асыру үшін биыл 327 млрд теңге инвестиция тартылып, өңірде өндіріс орындары ашылды.

Тамара Балаева, зауыт жұмысшысы:

- Осы зауытқа дейін 35 жыл пайщица болып жұмыс істедім. Жаңа зауыт болғаннан кейін осы жаққа келіп, пайшица болып жұмыс жасаймын. Күніне 300 аккумулятор шығарамыз. Сапалы жаңа технология, бәрі жаңа. Жақсы аккумулятор шығарамыз.

Биыл Жетісу облысының аумағымен өтетін Талдықорған – Өскемен автомагистралін салу жұмыстарының 95%-і аяқталды. Сонымен қатар Үшарал – Достық тас жолының 180 шақырымы пайдалануға берілді.

 

Биыл өңір шаруалары 620 тонна қызылша жинады

Еліміздегі жүгері алқабының 25%-ы, майбұршақтың 68%-ы, ал қант қызылшасының тең жартысынан астамы Жетісу облысына тиесілі. Биыл аймақ шаруалары 13700 гектардай жерге тәтті түбір сеуіп, 620 мың тоннадан аса өнім алды.

Мақсат Мұхаметкәрімұлы, шаруашылық жетекшісі:

- Биыл қант қызылшасын жинайтын комбайн алғанбыз. 50% Үкіметтің қолдауымен. Соны алып, өте тиімді уақытылы жинап жатырмыз.

Аманбек Қасымов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- Алынған өніміміз соңғы 13 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып саналады. Осы көрсеткішке заманауи ауылшаруашылық агротехнологияларын қолдану, сақтау, яғни оның ішінде тамшылатып суару әдісін, жаңа техникаларды қолдану, минералды тыңайтқыштарды енгізу және биылғы қолайлы ауа райының жағдайы әсерін тигізіп, осындай жетістіктерге жеттік.

Биыл өңірде 6 спорт кешені салынды

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында өңірде 6 спорт кешені салынды. Сонымен қатар Талдықорғанда 41 пәтерлі жатақханасы бар үш қабатты волейбол орталығы ашылды. Үстел теннисінің ғимараты да пайдалануға берілді.

Еркебұлан Дуанаев, облыстық Спорт және дене шынықтыру басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- 2025 жылы Талдықорған қаласында спорттық гимнастикаға арналған спорт кешені және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенін салу жоспарлануда.

Өңірдегі апатты үйлердің санын азайтып, ескірген ауруханалар мен мектептерді жөндеу керек. Ауылдарда жол, ауызсу мәселесі бар. Сонымен қатар Сарыөзек – Көктал бағытындағы және Алматы – Өскемен автомагистралінен Лепсі мен Ақтоғайға қатынайтын күрежолдың құрылысын аяқтау қажет. Балқаш көлінің жағалауына инфрақұрылымдық желілерді тартып, туризм саласының кең қанат жаюына жағдай жасалуы тиіс.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосын, Қуаныш Түргенбаев, Айгүл Ғазизулина