9 желтоқсан – Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні

Бүгін Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні. Бұл дата 2004 жылдан бері БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы шеңберінде аталып өтеді.

Иә, біздің елде аталған қылмыстың алдын алуға барынша тырысып жатыр. Биылдыққа мыңға тарта сыбайлас құқық бұзу дерегі тіркелген.

5 жыл бұрын еліміздегі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі құрылды. Содан бері Президентке тікелей есеп беретін тәуелсіз құқық қорғау органына айналды. Агенттік 2022 жылы қабылданған бес жылдық тұжырымдама аясында қызмет атқарады. Қазір сыбайлас жемқорлықпен күрестен бұрын оның алдын алуға басымдық беріледі.

Қуаныш Мырзағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға хатшылығының басшысы:

- Сыбайлас жемқорлық фактілері халықтың назарында болу керек. Ол ұят нәрсе болу керек. Мемлекеттің қалтасына қол сұққан адамдар өздерінің әлеуметтік жауапкершілігі, тек қана қылмыстық, әкімшілік жазалардан бөлек, оны қоғамның қабылдамауына ұшырау керек. Сондықтан біз ашықтықты қамтамасыз ету үшін осындай тұлғаларды жариялап отырамыз. Осындай қылмыстар басқаларға сабақ болсын, басқалар ойлансын, осындай қылмыстарға бармасын деп сол ниетпен жарияланып жатыр.

Қуаныш Мырзағалидың аталған салада қызмет етіп жүргеніне 18 жыл болды. Осы уақыт аралығында елдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес нәтижелі бола түскенін айтады. Заңнама жетілді. Мамандардың да кәсіби біліктілігі артқан. Цифрландыру үдерісі де жемісін беріп жатыр. Ең бастысы, қоғамның парақорлыққа деген көзқарасы өзгерді.

Қуаныш Мырзағали, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төраға хатшылығының басшысы:

- Қоғамда көптеген өзгеріс орын алды. Қазір сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға жұмыс жүргізілгендіктен, адамдар өздері осындай фактілерге төтеп беру үшін, олардың алдын алу үшін біздің органға хабарласып жатады. «1424» Call-орталығымыз бар. Сол жерде хабарламалар қабылданып, тиісті шаралар қабылданып жатыр.

Агенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдама талаптарын басты бағыт етіп алған. Оның аясында БҰҰ, Еуропа кеңесі, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы органдардың халықаралық қауымдастығымен тығыз байланыс орнатылды.

Архат Байғұндинов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі халықаралық ынтымақтастық басқармасының аға офицері:

- Агенттігіміз Еуропа, АҚШ елдерімен шектелмей, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен, араб елдерімен, түркітілдес бауырлас мемлекеттермен өзара іс-қимылды дамытып жатыр. Қазіргі таңда агенттігіміз 14 меморандумға қол қойды. Ол меморандумның басты мақсаты өзара тәжірибе алмасу, агенттік қызметкерлеріне тренингтер, семинарлар өткізу, құқықтық көмек көрсету болып табылады.

Парақорлық, ұрлық және билігін асыра пайдалану. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері бетпе-бет келетін қылмыс түрлері осындай. 10 айда 937 құқықбұзушылық тіркелді. Тәуекелдер саны 2,5 мыңнан асқан. Оның алдын алуға еріктілер мен қарапайым азаматтар мұрындық болды.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Мерей Талап.