Қарағандыда газ баллонын пайдалану бойынша рейдтік шаралар күшейтілді

Қарағандыда төтенше жағдай қызметкерлері газ баллонын пайдалану бойынша рейдтік шараларды күшейтті, деп хабарлайды 24KZ. Себебі қыстың көзі қырауда мұздай суық газ баллонын бірден жылы жерге кіргізу салдарынан қайғылы жағдайлар көбейген. Мұндай пропан отынын жеке баспаналарда және 2 қабатты үйлерде ғана қолдануға рұқсат. Ал биік үйлерге заңмен тыйым салынған. «Ол үшін айыппұл арқалайтынына қарамастан баллонды жасырын пәтерге кіргізетіндер де бар», – дейді мамандар.

Сенькиндер отбасы қаланың жеке үйлер аумағында тұрады. Жеке сектор болған соң газ баллонын жиі пайдаланаты рас. Бұл үйлерде баллонды  қолдануға рұқсат етілген. Дегенмен қауіпсіздік талаптары сақтала бермейді. Сондықтан Төтенше жағдай басқармасының қызметкерлері қауіпсіздік ережелерін естен шығармау жағын тағы бір мәрте тәптіштеп түсіндіруге мәжбүр.  

Николай Сенькин, Қарағанды қаласының тұрғыны:

- Сырттан әкелген соң баллон өздігінен жылығанын күтеміз. Пештің немесе жылытқыштың қасына қоймаймыз. Себебі жарылыс болуы мүмкін. Баллонды жеткізіп берген фирма қызметкерлері тексеріп, қауіпсіз екенін көз жеткізгенде ғана қосамыз.

Газ баллонын жеке баспаналардан бөлек, екіқабатты үйлерде пайдалануға болады. Ал одан биік үйлерде немесе жапсарлас нысанда қолдануға заңмен тыйым салынған. Дегенмен баллонды жасырын көпқабатты үйге кіргізетіндер болуы мүмкін. «Пропан газын пайдалану рұқсат етілген жердің көбінде қауіпсіздік ережелері сақтала бермейді»,– дейді төтенше жағдайлар қызметкерлері. Осындай қайғылы жағдай жыл басында Бұқар жырау ауданының Ботақара кентінде болған еді.

Құрмет Жұмекенов, облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары:

- Бұқар жырау ауданында екіқабатты тұрғын үй көппәтерлі, сонда газ баллонының жарылысы орын алған болатын. Жөндеу жұмысын жасап жатқан адамдар суықтан газ баллонын кіргізіп, ол жұмыс істемей тұрғандықтан, жылыту құралының қасына қойып, содан жарылыс орын алды.

Биыл Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйде газ баллонын пайдалану бойынша екі рет шағым түскен. Тексеру кезінде мамандар тек бірін ғана дәлелдей алған. Қала тұрғынының кінәсін нақтылау үшін көршілерінен фото, видео айғақтар алынған. «Мұндай жағдайда ескерту деген болмайды. Бірден 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Кейін тағы қайталанса, айыппұл көлемі өсе береді», – дейді мамандар.

Дулат Тиышмағанбетов, Қарағанды қаласы Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің Әлеуметтік инфрақұрылымдағы өндірістік қауіпсіздік секторының меңгерушісі:

- Кәсіпкерлік кодекстің 144-бабына сәйкес нақты дәлел, суреті болса, қолданатыны дәлелденген жағдайда жаңағы арызданушының толықтай аты-жөні, ЖСН болған жағдайда тексеру аша алады.

Қазір қалада 500-ден астам дәмхана, мейрамханалар бар. Рұқсат етілмеген жерде газ баллонын пайдаланса, кәсіпкерлік нысандарға да жаза қолданылады. Шағын кәсіп өкіліне 10, орта кәсіп өкілдеріне 15, ірі кәсіп өкілдеріне 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Дегенмен бұлтартпас айғақтар үнемі қолға түсе бермейді. Сол себепті кәсіпкерлер де қауіпсіздік мәселесіне немқұрайлы қарайды. Мамандар қаладағы жанармай станцияларын да бақылауда ұстап отыр. Себебі газ баллондары ресми рұқсаты бар, қауіпсіздік талаптарына сай арнайы орындарда толтырылуы тиіс.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.