ҰКП: Жерді жалға беру үрдісі күмән келтіреді
Кейінгі екі жыл ішінде еліміз бойынша игерілмеген және заңсыз берілген 12 млн гектар ауылшаруашылық жері мемлекет меншігіне қайтарылған, деп хабарлайды 24KZ. Оның басым бөлігі іскер жандарға кері табысталды. Дегенмен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жылжымайтын мүліктерді үлестіру үрдісінің ашықтығы мен әділдігіне күмән келтіріп отыр.
Қарағандылық шаруа Ержан Сәкенов келер жылы мемлекеттік бағдарлама аясында сүтті сиыр сатып алуды көздеп отыр. Алайда жемшөп дайындау үшін егістік алқабы қажет. Ал маңайдағы бос жатқан жерлерді алу оңайға соқпай тұр.
Ержан Сәкенов, шаруа:
- Бар мұнда шеттен келген үлкен шаруашылықтар. Ауылдан емес, шеттен келген. Солар алып, қолданбайды. Текке тұрған жерлер бар ондай. Біз сияқты жаңадан бастаймын деген адамдарға берсе ол жерлерді, пайдаланады ғой.
Шаруалар жерді жалға алу үшін әкімдіктер арқылы өтініш беріп, конкурсқа қатысады. Онда агроқұрылымдарға қажетті алқап көлемі, мал басы, техникалар мен жұмыс орындарының санына қарай балл берілуі тиіс. «Ал шын мәнінде, конкурста бармақ басты, көз қысты әрекеттер жиі кездеседі», – дейді кәсіпкерлік палатасының өкілдері.
Ернұр Әбжан, «Атамекен» ҰКП Құрылыс және жер қатынастары департаменті директорының орынбасары:
- Мысалы, әрбір бизнес жоспарында жайылымның гектары 30 мың теңге деп көрсетіледі. Сонда максималды балл шығады. Бәрі бұл әдісті біліп алған. Осылай максималды балл жинайды. Ал мұндай жағдайда соңғы шешімді комиссия қабылдайды. Осы кезде ауыл әкімі бір кәсіпкер туралы оң пікірін айтады. Комиссия соған сенім артып, жеңімпазды анықтай салады.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл мәселені жоққа шығармады. Жауапты мамандар жерді жалға беру ережелеріне өзгеріс енгізуді жоспарлап отыр.
Дәулеткерей Тұрғынбай, ҚР АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің өкілі:
- Бізде 2024 жылдың 8 мамырындағы Жарлық бар. Президент экономиканы ырықтандыру туралы тапсырма берді. Соның аясында ауыл шаруашылығы жерлері туралы деректерді цифрландыру және конкурстарды міндетті түрде онлайн өткізу шаралары қабылданып жатыр. Бұл бизнестің ашықтығын қамтамасыз етуге сеп болады.
Саланы цифрландыру жұмыстары екі жылға созылады. Содан кейін ғана Жер кодексі қолға алынады. Ал оған дейін шаруалар қазіргі ережелерді сақтауға мәжбүр.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Гүлдана Қален, Арман Акшабаев.