Жетісу облысында одорологиялық тәсілмен 100-ден аса қылмыс ашылды
Қылмыс орнынан алынған айғақ заттың иісі арқылы да қылмыскерді табуға болады. Себебі адамның иісі де саусақ іздері сияқты бір-бірінен ерекшеленіп тұрады. Жетісу облыстық полиция департаментінде одорология зертханасы ашылып, криминалистердің бұл тәсілді қолданғанына тоғыз жылдан асты. Нәтижесінде көптеген аса ауыр әрі күрмеуі қиын қылмыс ашылды.
Ақжан Дүйсебеков лабрадор тұқымды итін Альма деп атайды. Кәнігі кинолог төрт аяқты көмекшісімен бірге отыздан аса қылмыстың ашылуына ықпал еткен.
Ақжан Дүйсебеков, кинолог:
- Бұл итті өзім 2021 жылдан бастап бір жасынан бастап тәрбиелеп келе жатырмын. Бұл иттің көмегімен аса ауыр кісі өлтіру бойынша, сосын қасақана денсаулығына зиян келтіру қылмыстары ашылды.
Зертханадағы жұмыс кезінде криминалист қорғаныш киімін киіп, айғақ және басқа да заттарды құтыға салып, арасын алшақтау етіп қояды. Содан кейін күдіктінің иісі сіңген матаны қызметтік итке иіскетеді. Айыпталушы мен қылмыс орнынан алынған заттың иісі сәйкес келсе, Альма белгі береді. Салыстырмалы әдіс осылайша бірнеше рет қайталанады.
Мақсат Ысқақов, облыстық ПД жедел-криминалистік басқармасының бас криминалисі:
- Бұл жерде лабаратория болғандықтан, зерттеулер жүргізіледі. Зерттеуді одорологтар жүрзіледі. Кинологтардың қатысуымен басқа да қатысушы болады. Сонымен қатар тергеуші – басқа да қатысушылар. Бұның бәрі – бейнежазбаға тіркеліп, кейін қылмыстың аяғы сотта дұрыс шешілуі үшін жүргізілетін зерттеу.
Қылмысты ашу үшін одорологиялық қызметпен қатар өзге де тәсілдер кеңінен қолданылады. Жан-жақты жүргізілген жұмыс нәтижесін сараптау арқылы тергеу амалдарының қорытындысы шығарылады.
Александр Ишков, облыстық ПД жедел-криминалистік басқарма бастығы орынбасарының м. а.:
- Жыл басынан бері 14 сынама алынып зерттеу жүргізілді. Яғни, тергеу амалдары кезінде одорологиялық тәсіл қолданылды. Салыстыру нәтижесінде мамандар 12 қылмыстың ашылуына өз үлесін қосты.
Облыстық полиция департаментінде одорологиялық зертхананың ашылғанына он жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде ауа кірмейтін құтыға 3 мыңнан аса айғақзат салынды. Жиналған иіс үлгілерін сараптау арқылы 100-ден аса қылмыс ашылып, кінәлілер жауапқа тартылды.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.